15 Қазан 2025 ж.
ҰЭМ монополистерге жоғары тозу деңгейін сақтау тиімді деген мифті жоққа шығарды

«Табиғи монополиялар субъектілері ұлттық жобаға қатысуға қызығушылығын жоғалтады, өйткені олардың негізгі табысы реттелетін тарифтегі пайда есебінен емес, аффилирленген компаниялар арқылы тұрақты «күрделі жөндеу» есебінен қалыптасады. Осылайша, табиғи монополиялар субъектілері инфрақұрылымның жоғары деңгейде тозғанын сақтауға ұмтылады. Өйткені ауқымды жаңарту жиі жөндеу қажеттілігін азайтады және олардың кірістерін азайтады», - деді мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев бірінші қазандағы депутаттық сауалында.
Журналистерге арналған тренингте Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтан осы мәселеге түсініктеме беруді сұрады.
Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің базасында мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (МЖК ААЖ) электрондық платформасы барын түсіндірді.
«Негізі бұл платформа арқылы қалаларды дамытудың мүмкіндіктері мен қосымша бос қуаттарды есептеуге болады. Мұнда табиғи монополия субъектілері өз желілері бойынша қолжетімді қуаттарын көрсетеді, желілер мен жабдықтардың пайдалану мерзімін ескереді. Барлығы цифрлық тұрғыдан жасалған. Есептеуімізше, коммуналдық кәсіпорындардың 75%-ы үшін бәрі алдын ала анықталған. Барлығы түсінікті, біз ешқанай кедергі көріп тұрған жоқпыз», - деді ол.
Жеке субъектілердің пайымдауынша, Ұлттық жоба аясында оларға қолжетімді, ұзақ мерзімді, жеңілдетілген қаржы беріледі.
«Қазір елде мұнай ақшаны еш жерден таба алмайсың. Бұл олар үшін үлкен мүмкіндік. Олар мұны жақсы түсінеді, сондықтан аса қызығушылық танытып отыр. Қазір 138 ТМС 50 миллиард теңгені беру бойынша қарастырылып жатыр. Сіз мұның қандай жанталас екенін түсінесіз бе? Үлкен қызығушылық байқалуда. Ал біз депутаттардың айтқандары бойынша бұл мәселені жеке пысықтаймыз. Менің ойымша, кейбір сарапшылардың пікірі орынсыз. Бірақ жалпы алғанда, бәрін цифрлардың өзі-ақ айтып тұр. Бұл жерде күмәніміз жоқ», - деп қорытындылады Асан Дарбаев.