Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Цифрлық бақылау және бірыңғай есепке алу жүйесі: энергиямен жабдықтау сапасы қалай артады

29 Желтоқсан 2025 ж.

Цифрлық бақылау және бірыңғай есепке алу жүйесі: энергиямен жабдықтау сапасы қалай артады

жылу энергетикасы, ұлттық жоба, жаңғырту, цифрландыру, - МЭКС

Қазақстанда электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну процестеріне бақылау цифрлық есепке алу арқылы күшейтіледі. Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Е. Ақкенженовтың 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 344-н/қ бұйрығымен Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің (ЭКЕАЖ) жұмыс істеу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

Жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – ЭКЕАЖ жүйесін бірыңғай мемлекеттік отын-энергетикалық кешенін басқару жүйесіне интеграциялау. Бұл жүйе электр энергетикасы саласын мемлекеттік бақылауға арналған орталықтандырылған цифрлық платформаға айналады. Нәтижесінде, энергиямен қамту саласындағы барлық процес үздіксіз, автоматтандырылған және толық қадағалауға алынады.

ЭКЕАЖ – бұл электр энергиясын өндіру, беру және тұтыну бойынша деректерді автоматты түрде жинайтын жүйе. Жаңартылған Ережелер аясында бұл жүйе отын-энергетикалық кешенді басқарудың бірыңғай мемлекеттік цифрлық архитектурасының бір бөлігіне айналады.

Негізгі өзгерістердің бірі – жаңа базалық ұғымды енгізу. Яғни уәкілетті органның ақпараттық жүйесі ретінде айқындалатын Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін енгізу. Бұл жүйе электроэнергетика саласындағы отын-энергетикалық кешеннің барлық деректерін жинау, өңдеу, мониторинг жасау және талдау үшін арналған.

Осыған байланысты электроэнергетика саласындағы ОЭК субъектілеріне өздерінің ЭКЕАЖ аппараттық-бағдарламалық кешендерін уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне қолжетімділік пен интеграцияны қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.

Құжат сондай-ақ коммерциялық есепке алу деректерін беруге қойылатын талаптарды қатайтуды көздейді. Онлайн режимде мониторингті қамтамасыз ету үшін мәліметтерді беру жиілігі міндетті түрде әр 15 минут сайын жүзеге асырылуы тиіс әрі ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйеге жіберіледі. Сонымен қатар, деректерді резервтеу талаптары енгізіледі: техникалық ақаулар болған жағдайда бірден бірнеше 15 минуттық аралықтағы ақпаратты жинау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс. 

344-н/қ бұйрығын қабылдау электроэнергетикалық секторды орталықтандырылған және автоматтандырылған мемлекеттік басқаруға көшуге бағытталған. Бұл шара саланың ашықтығын, энергетикалық қамтамасыз етудің сапасын және басқару шешімдерін қабылдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өзгерістер «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаның іс-шараларын қоса алғанда, коммуналдық және энергетикалық салаларды цифрлық трансформациялау аясында іске асырылады.

Дереккөз: «2015 жылғы 30 наурыздағы № 248 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 344-н/қ бұйрығы.