Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

21 Қараша 2025 ж.

Тарифті көтермей-ақ коммуналдық желілерді қалай жаңғыртуға болады

коммуналдық желілерді жаңғырту, ұлттық жоба, модернизация, инвестиция, - МЭКС

Бұл туралы Ақтауда өткен медиатренинг барысында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шынғазиева айтып берді.

Оның айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған «ЭнергетикаЛЫҚ және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының басты мақсаты – инженерлік желілерді жаңарту, бұл ретте халық үшін тарифтің айтарлықтай өсуіне жол бермеу.

«Соңғы онжылдықтарда коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылым саласы ұзақ мерзімді қаржыландырудан тыс қалды. Негізі бұл салада тек екі қаржы көзі болды: бірі – әрдайым әлеуметтік деңгейдегі тариф, екіншісі – үнемі шектеулі болатын бюджет қаржысы», - деді ол.

Ұлттық жоба аясында негізгі қатысушылардың рөлі нақты анықталған. Тарифті реттейтін орган – Табиғи монополияларды реттеу комитеті. Қаржылық оператор – «Бәйтерек» холдингі, ол қаржыландыру механизмдері мен құралдарын қалыптастырады. Техникалық оператор – ТКШ ҚазОрталығы, ол жобаларды техникалық және технологиялық шешімдер, тиімділік пен инвестицияның тиімділігі тұрғысынан бағалайды.

«Біз жаңғырту халықтың қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан әрбір жоба егжей-тегжейлі тексеруден өтеді. Егер шартты түрде 3 млрд теңгеге желілерді жөндеу туралы айтылса, біз әрбір позицияны талдап, қарап отырмыз. Бұл көлем шынымен де ақталды ма? Бәлкім, жаңа технологияларды ескере отырып, жобаны 2,5 миллиард теңгеге дейін оңтайландыруға болатын шығар», - деп түсіндірді Макка Шынғазиева.

Тағы бір маңызды мәселе – техникалық оператор ең алдымен жобалық-сметалық құжаттаманың сараптамасына назар аударады. Жобалар Энергетика министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен келісіліп, электрондық платформа арқылы қаралады.

«Ұлттық жобаның негізгі элементтерінің бірі – «кілтпен тапсыру» тәсілімен мердігерлерді тарту. Яғни мердігер нысанды өзі жобалайды, салады, іске асырады. Бұл мердігердің бір жобаны мойнына алып, соңына дейін толық аяқтап, жауапкершілік алуы үшін қажет. Механизмді әзірлеу кезінде қолданыстағы жүйенің барлық мәселелерін ескеруге тырыстық», - деді Макка Шынғазиева.  

Оның пайымдауынша, модернизацияға қомақты инвестиция керек. Тарифке үлкен жүктеме түспеу үшін 15-20 жылға ұзақ мерзімді қаржыландыру тартылады.

«Байтерек» холдингі 15-20 жылға беретін ұзақмерзімді қаржыландыру тарифтегі жүктемені ұзақ уақытқа бөлуге мүмкіндік береді. Егер тариф арқылы қаржыландырғанда жүктеме бірден пайда болса, ұзақмерзімді қаржыландыру кезінде оны жылдар бойы бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Осылайша, біз коммуналдық инфрақұрылымның толық ауқымын қамти аламыз», - деп спикер сөзін қорытындылады.