Колл-центр
9 Желтоқсан 2025 ж.
Табиғи монополия субъектілері өтінім тапсырғанда қандай қателік жібереді
Бұл туралы «ТКШ жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков айтты.
«242 миллиард теңгені құрайтын 66 өтінімге ескерту берілді, олар өтініш берушілерге қайта пысықтау үшін жіберілді. Негізгі ескертулер: жобалау тапсырмасында облыс әкімінің орынбасары мен бірінші басшының қолы қойылмаған. Кіріс бөлігін сандық мәнде қалыптастыратын табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) абоненттік базасын қамту және деңгейі бойынша бастапқы деректер жоқ. Бұл қайтарымдылық есебі үшін өте маңызды», - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, есептегіш құралдармен, әсіресе қашықтан дерек жіберетін құрылғылармен жабдықталу деңгейін растайтын құжаттар ұсынылмаған. Сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерінде автоматтандырылған процестердің бар-жоғы да көрсетілмеген.
Қазіргі таңда коммуналдық шаруашылықтың барлық салалары бойынша 179 өтінім тіркелген. Олар әртүрлі қарау және бекіту кезеңдерінде тұр. Жалпы, халықты негізгі коммуналдық қызметтермен сапалы қамтамасыз етуге және жүйедегі күрделі мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
Жаңғырту жобаларының жиынтық құны 473,9 млрд теңгені құрайды.
Еске салайық, ЭКСЖ жобасы инфрақұрылымның төрт негізгі секторын қамтиды:
сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау.
Сумен жабдықтау саласында жаңғырту жұмыстары ескі желілерді ауыстыруды, жүйелерді жаңартуды және жаңа нысандар салуды көздейді. Бұл халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су бұру бағыты бойынша кәріз тазалау нысандарын қайта жаңарту, коллекторларды жаңғырту және ағынды суларды тазартудың заманауи технологияларын енгізу жоспарланған.
Жылумен жабдықтау саласында басты назар қазандық жабдықтарын ауыстыруға және жылу желілерін жаңартуға аударылады. Бұл энергия тиімділігін арттырып, жылу шығынын азайтады.
Электрмен жабдықтау бойынша подстанцияларды, электр беру желілерін қайта жаңарту және басқарудың цифрлық жүйелерін енгізу көзделген. Бұл тұрақты түрде энергиямен қамту мүмкіндігін арттырады.