Колл-центр
17 Қараша 2025 ж.
Сумен жабдықтау және су бұру нысандарының жай-күйін онлайн тексеруге болады
Жиналған мәліметтер арқылы ақаулар мен апаттардың себебін анықтап, оларды жоюға, сондай-ақ нысандардың жұмысын тиімді етуге мүмкіндік артады. Бұл өзгерістер «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында енгізілмек. Атап айтқанда, 2025 жылы 15 қыркүйекте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі бекіткен №365 бұйрыққа сәйкес, «Сумен жабдықтау және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін ұйымдастыру, қалыптастыру және оның жұмыс істеу қағидалары» бекітілді.
Құжат біртұтас орталықтандырылған цифрлық жүйені («цифрлық ми») құру үшін қабылданды. Ол бүкіл ел бойынша сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы барлық деректі жинайды, өңдейді және талдайды.
Жүйенің басты мақсаты – мемлекетке толық бақылауды, ашықтықты, қауіпсіздікті және су инфрақұрылымын тиімді жаңғырту мен пайдалану үшін ғылыми негізделген шешімдер қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Бұл жүйе мәліметтерді орталықтандырылған түрде жинауға бағытталған. Ол еліміздегі барлық сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарынан келетін ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау шараларын реттеу үшін құрылып жатыр.
Ақпараттық жүйе суды тасымалдау, тарату және тұтыну туралы деректерді жинап, оларды орталық базаға жеткізуді қамтамасыз етеді.
Деректер автоматтандырылған мониторинг және есепке алу жүйелері, өлшеу құралдары және басқа да технологиялар арқылы жиналады. Бұл құрылғылар мәліметті тұрақты түрде ақпараттық жүйеге жіберіп отырады.