Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Президент сараланған және әділ тарифтерді енгізуді қолдады

5 Қаңтар 2026 ж.

Президент сараланған және әділ тарифтерді енгізуді қолдады

тарифтер, электр энергиясы, энергия, жаңғырту, ұлттық жоба, тоқаев, - МЭКС

Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында тарифтер мен әлеуметтік әділеттілік мәселесіне ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті.

«Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды.

Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.

Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былық-шылықты» пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан делдал-кәсіпкерлерге қолайлы болды», - деді Президент.

Президенттің айтуынша, төмен тарифтер саясаты іс жүзінде ауқатты тұтынушылар мен бизнесті жасырын субсидиялауға айналды.

«Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Балама ретінде ол атаулы әлеуметтік қолдау мен төлемнің әділ тетіктерін енгізуді атады.

«Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс», - деді Президент.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды.

«Төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілді. Суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент қабылданған шешімдер елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша, экономиканың сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз», - деді Мемлекет басшысы.