Колл-центр
29 Қазан 2025 ж.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бақылау мерзімі 90 күнге дейін қысқарады
Бұл күзгі-қысқы маусымға дайындық пен өту барысын бақылауға арналған цифрлық сервисті енгізу нәтижесінде мүмкін болмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын дамыту және цифрландыру туралы баяндама жасаған энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.
«Қазіргі кезде «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» салалық тұғырнамасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. EnergyTech платформасы QazTech талаптарына сәйкес бірыңғай цифрлық шешім негізінде ОЭК-тің барлық салаларын біріктіреді», - деді ол.
Тұғырнама отын-энергетикалық кешеннің (ОЭК) он негізгі саласында – энергетикалық сектордан, жер қойнауын пайдаланудан және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі басқару процестерін толассыз үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Платформаны толық көлемде әзірлеу және оны өнеркәсіптік пайдалануға беру 2026-2027 жылдары жоспарланып отыр.
«Биыл 7 цифрлық сервис пайдалануға берілді, соның ішінде екеуі энергетика саласына қатысты: күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен өту барысын бақылауға арналған цифрлық сервис және шекті тарифті бекітуге арналған сервис. 2025 жылы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты бақылауға арналған салалық сервис пилоттық режимде іске қосылды. Бұл сервис барлық активтерді толық тіркеуді, нысандарды онлайн бақылауды және жөндеу жұмыстарын біртұтас цифрлық ортада жоспарлауды қамтамасыз етеді», - деді министр.
Деректерді біріздендіруді, элементтер мен активтердің иерархиясын типтеуді, жабдықтарды нормативтер мен жөндеу циклдеріне байланыстыруды қамтамасыз ету үшін жүйеде нысандардың, тораптар мен жабдықтардың цифрлық тізілімдері жасалған.
«Сервис уақытылы генерация нысандарының жұмыс режимі туралы деректерді алады. Келесі кезең – ақаулар журналын қағаз түрінен цифрлық жүйеге көшіру. Активтер туралы тексерілген (расталған) мәліметтерді жүктеу, жөндеу мерзімдерінің орындалуын тұрақты бақылау және сервисті жетілдіру – бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Ақкенженов.
Цифрлық сервисті енгізу нәтижесінде:
- күзгі-қысқы кезеңге дайындық мониторингінің жалпы мерзімін 90 күнге дейін қысқартылады.
- күзгі-қысқы кезеңде апаттылық қатерін 25%-ға дейін төмендейді.
«Сонымен қатар биыл станциялардың шекті тарифтерін бекітуге өтінімдерді беру және қарау цифрлық сервисі тәжірибелік пайдалануға берілді. Сервис қағаз құжат айналымын болдырмайды, рәсімнің ашықтығы мен басқарылуын арттырады, мерзім мен операциялық шығындарды қысқартады», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Қазіргі кезеңде 63 субъект, 83 генерация нысаны қамтылып, 1 664 құжат өңделді. Қағаз құжаттар мен қолмен есептеуден цифрлық жүйеге көшу нақты нәтиже көрсетті.
«Сервистің негізгі әсерлері: келісу регламенттеріндегі бизнес-процестердің саны екі есе қысқарды, өтініш берушілерге әкімшілік жүктеме 56%-ға төмендеді», - деп министр сөзін түйіндеді.