Колл-центр
11 Қараша 2025 ж.
Компанияны қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне қалай енгізуге болады
Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу қағидаларында отандық компанияларды өндірушілердің ресми тізбесіне енгізу ережесі бекітілген. Сондай-ақ олардың өндірістік мәртебесі мен жергілікті қамту деңгейін растау тетіктері де қарастырылған.
Жалпы, бұл тізілім отандық өндірушілердің сенімді базасын қалыптастыру үшін құрылады. Ол «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру кезінде пайдаланылады.
1. Өтінім беру: өндіруші веб-порталдағы жеке кабинет арқылы мекенжайын, пайдаланылатын жабдықты және өндірістік қуатын қоса алғанда, өзінің өндірісі туралы барлық мәліметті ұсына отырып, өтінім жібереді.
2. Цифрлық верификация: өтінім машиналық оқыту моделін (Logistic Regression) пайдалана отырып, үш жұмыс күні ішінде автоматты тексеруден (цифрлық верификация) өтеді. Бұл тексеру өтініш берушінің нақты өндірістік қызметін айқындау үшін салықтарды төлеу, экспортқа қатысу, кіріс және қызметкерлер саны секілді жиырмадан астам өлшемді талдайды.
3. Өндірісті бағалау: егер цифрлық тексеруден сәтті өтсе, салалық комиссия өндіріс барысын бағалайды. Комиссия көрсетілген өндірістік және технологиялық операциялардың сәйкестігін тексереді. Қажет болған жағдайда өндіріс орнына барып тексереді.
4. Жергілікті құндылық үлесін растау. Өтініш беруші дайын өнімнің өзіндік құнындағы қазақстандық материалдар мен компоненттердің пайыздық құрамын көрсететін көрсеткіш - елішілік құндылық үлесінің есебін ұсынады.
Бұл не үшін қажет?
Тізілімнің негізгі мақсаты – отандық өндірушілерді ашық есепке алып, оларды қолдау, олардың өнімдеріне деген сенімді арттыру және мемлекеттік әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде жергілікті қамту талаптарының орындалуын қамтамасыз ету.
Егжей-тегжейлі ақпарат ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 27 тамыздағы № 327 бұйрығында, ҚР Әділет министрлігінде 2025 жылғы 28 тамызда № 36717 болып тіркелген.