20 Қазан 2025 ж.
Коммуналдық тарифтер 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өспейді

Бұл туралы Алматы журналистерімен кездесу барысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыру және экономиканы сауықтыру бойынша шаралар кешенін әзірледі. 16 қазаннан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтердің өсуіне мораторий енгізілді. Бұл электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз және газбен жабдықтау қызметтеріне қатысты», - деді ол.
Монополияға қарсы орган басшысының айтуынша, тарифтерді ұстап тұру табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру және жекелеген тарифтер бойынша түзету мерзімдерін ауыстыру есебінен қамтамасыз етіледі.
«Қабылданып жатқан шаралар елдегі жалпы бағаның өсу динамикасын төмендетіп, халықтың төлем қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте инвестициялық іс-шаралар толық көлемде іске асырылады. Біз инфрақұрылымның сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй көмегі механизмі жұмыс істейді. Егер коммуналдық қызметтерге кететін шығын отбасының жалпы табысының 5-10 пайызынан асып кетсе, мұндай көмек табысы аз тұтынушыларға көрсетіледі», - деп нақтылады Тимур Қосымбаев.
Бұған дейін үкіметте ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев үкіметтің кешенді шаралары аясында халық үшін тарифтердің өсуі тежелетінін түсіндірген еді.
Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің өсуін тежеу мақсатында жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі: бұл ішкі шығындарды оңтайландыру және көмір мен темір жол тарифтерінің бағасын тұрақты ету.
«Бұл шаралар мемлекет басшылығының экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», - деді Сұңғат Есімханов.