Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі инфляцияға 1%-дан артық әсер етпейді

25 Желтоқсан 2025 ж.

Коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі инфляцияға 1%-дан артық әсер етпейді

ұлттық жоба, тариф, жаңғырту, тарифтер, инфляция, - МЭКС

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, тарифтердің өсуі инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Бұл екі негізгі тетік арқылы шектелмек.

«Тариф деңгейіне қатысты екі жайтты бірден атап өткім келеді. Біріншісі – субсидиялау. Егер екінші деңгейлі банктерден, халықаралық қаржы ұйымдарынан немесе «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-нан алынатын қарыздардың мөлшерлемесі 10%-дан асса, осы айырмашылық бюджеттен бөлінетін субсидиялар есебінен өтеледі. Бұл қаражат бюджетте қарастырылған, өтінімдер белгіленген тәртіппен қабылданып, қаралады. Осылайша, тарифке түсетін салмақ азаяды», - деді ол.

Бұл механизм табиғи монополия субъектілері алатын қарыздар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларында бекітілген. Аталған жобалар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылады (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 12 тамыздағы №78 бұйрығы).

ТМРК басшысының айтуынша, тарифтердің өсуін тежейтін екінші құрал – әрбір инвестициялық жобаға жекелеген тәсілмен қарау.

«Егер біз бастапқыда жобаның құны жоғары екенін және тарифтің айтарлықтай өсуіне әсер ететінін байқасақ, жөндеу науқаны кезеңдер бойынша қайта бөлінеді. Жұмыстардың бір бөлігі бірінші жылы орындалады, қалған көлемі келесі жылға ауыстырылады. Бұл тарифтің күрт өсуіне жол бермеу үшін жасалады», - деді Тимур Қосымбаев.

Сондай-ақ, реттеуші орган тариф өзгерістерінің инфляцияға әсерін бағалайды. Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған бірлескен іс-қимыл жоспары аясында алдағы үш жыл ішінде тарифтердің өсуі инфляцияға 1%-дан артық әсер етпейді шешім қабылданды.

«Есептеулер бойынша, тарифтердің өсуі салаға байланысты шамамен 12-15% болмақ. Дегенмен, басты назарда – Ұлттық жобаны іске асыру және инвестициялық бағдарламаларды орындауға бағытталған іс-шаралар болып қала береді», - деп түйіндеді ТМРК төрағасы.