Қаз

19 Қыркүйек 2025 ж.

Коммуналдық желілердің тозуын 50%-дан азайтуға 6,8 трлн теңге инвестиция тарту қажет

коммуналдық желілердің тозуы, ЭКСЖ, - МЭКС

Қажетті қаражат жылу, электр, су жабдықтау және су ағызу кәсіпорындарының 86 мың шақырым желісін жөндеуге жұмсалады. Бұл туралы Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында өткен конференция барысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстанда 77 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді, соның ішінде 19 станцияның тозу көрсеткіші 65%-дан жоғары. 

«Жаңа қуат көздерін енгізу аясында 4,4 трлн теңге көлемінде 15 жоба жоспарланған. Сондай-ақ, қолданыстағы энергия көздерін жаңғыртуға бағытталған 1,8 трлн теңгеге 14 жобаны іске асырып жоспарланып отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде қолданыстағы активтер жаңартылып, тозу деңгейі орта есеппен 15%-ға төмендейді», - деді вице-министр.

Салалар бойынша қолданыстағы коммуналдық инфрақұрылымға талдау жүргізілді, соған сәйкес желілердің қазіргі кездегі тозу деңгейі:

- 22 жылумен жабдықтау кәсіпорнында – 65%-дан 90%-ға дейін;

- 18 электр энергетикасымен жабдықтау нысанында – 70%-дан 97%-ға дейін;

- 23 сумен жабдықтау кәсіпорнында – 70%-дан 100%-ға дейін;

- 24 суды бұру кәсіпорнында – 70%-дан 100%-ға дейін.

«Осыған байланысты аталған салалардағы тозуды 50%-дан төмендету үшін 6,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту қажет (индикативтік есеп, ЖСҚ сараптамасы мен ҚЭН нәтижелері бойынша нақтыланады). Бұл қаражат 86 мың км коммуналдық желілерді жөндеуге бағытталып, апаттардың едәуір төмендеуіне және инженерлік инфрақұрылымның жағдайын «технологиялық деңгейге» жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Асан Дарбаев.

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, салалар бойынша деректер төмендегідей:

-  жылумен жабдықтау – шамамен 1,3 трлн теңге, 1,6 мың км желіні жаңғырту үшін, бұл тозуды 40%-ға дейін төмендетеді;

- электрмен жабдықтау – 3,8 трлн теңгеден астам, 77,6 мың км желіні жаңғырту үшін, бұл тозуды 45%-ға дейін төмендетеді;

- сумен жабдықтау – шамамен 600 млрд теңге, 4,7 мың км желіні жаңғырту үшін, бұл тозуды 34%-ға дейін төмендетеді;

- су бұру – 1,1 трлн теңгеден астам, 2,6 мың км желіні жаңғырту үшін, бұл тозуды 40%-ға дейін төмендетеді.