16 Қыркүйек 2025 ж.
Келер жылы ЭКСЖ аясында инвестиция көлемі артады

Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров Астанада өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруды түсіндіру жөніндегі өңірлік семинар-кеңес барысында мәлімдеді.
«2026 жылы ұлттық жоба шеңберінде инвестициялардың ауқымды көлемі жоспарланған. Ол 2025 жылдың көрсеткіштерінен асып, коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражатқа 9 723 км желіні жөндеп, 46 272 бірлік жабдықты ауыстыру жоспарлануда», - деді ол.
ТМРК өкілі 2025 жылдағыдай қаржыландыру тариф, бюджет, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын қоса алғанда, нарықтық көздер есебінен қамтамасыз етілетінін хабарлады.
Ол Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізген жұмысы нәтижесінде 2025 жылға басым тәртіппен жалпы сомасы 144,5 млрд теңгеге қаржыландыруға дайын, растайтын құжаттары бар 48 табиғи монополия субъектісі іріктеліп, бекітілгенін айтты. Бұл қаражат 1 347 шақырым коммуналдық желілерді жөндеу мен ауыстыруға және 3 047 бірлік жабдықты жаңартуға бағытталмақ.
«Ұлттық жоба аясында 2026 жылы коммуналдық секторға 14,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаржыға 79 шақырым желі жөнделіп, инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 7,2%-ға төмендейді деп жоспарлануда. 2025 жылы pipeline дайындалған еді, ол 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары. Яғни, біз келесі жылға қажетті дайындықты қазірден бастап қолға алдық. Бірінші кезеңде, биыл тамыз айынан бастап, 2026 жылға арналған жобалар тізбесін бекіту мәселесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарастырылуда», – деп нақтылады Қанат Құлназаров.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді жаңғырту картасы әзірленуде. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізіледі, оны жуырда аяқтау жоспарлануда.
«Қыркүйек-қазан айларында келіп түскен өтінімдерді техникалық және қаржылық операторлар, сондай-ақ тарифтік реттеуші қарайтын болады. Келесі кезеңде, биыл қазан және қараша айларында техникалық оператор жобаларды іріктеуді жүзеге асырады, ал қаржы операторы оларды қаржыландырудың оңтайлы тетігін айқындайды. Содан кейін биыл қараша және желтоқсан айларында техникалық тапсырмалар әзірленіп, EPC-мердігерді анықтауға конкурс өткізіледі. Соңғы кезең субсидиялауға өтінімді жіберу, ол 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған», - деп түйіндеді ТМРК төрағасының орынбасары.