Қаз

25 Тамыз 2025 ж.

Қазақстандықтар өткен жылыту маусымында 1,6 млрд теңге артық төледі

Бұл қаражат келесі жылыту маусымындағы төлем квитанцияларында азайтылып көрсетіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысына арналған шарада ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев хабарлады.

«Бұл жұмысты табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізеді. 1,6 млрд теңге – есептеу құрылғылары жоқ тұтынушыларға жылу энергиясының тұтыну көлемін қайта есептеу негізінде анықталған сома. Біз жоспарланған және нақты температура көрсеткіштерін салыстырдық. Барлығымыз білетіндей, биылғы қыс тым қатты болған жоқ. Қайта есептеу жүргізілді, ол 115 табиғи монополия субъектілеріне қатысты және 680 мың абонентке қайтару жүзеге асырылады. Қайтару механизмі ережелерде белгіленген. Онда бұл қаражат келесі жылыту маусымында тұтынушының жеке шотында сальдо ретінде, яғни минус ретінде көрсетілетіні көзделген. Осылайша, келесі жылыту маусымында ол осы соманың айырмасы бойынша азырақ төлейді», - деді ол.

115 табиғи монополия субъектілерінің ішінде ең үлкен қайтару сомасы Астана қаласында – 224 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 257 млн теңге және Қарағанды облысында – шамамен 456 млн теңгені құрайды.

Қазақстандықтарға жылытуға артық төленген қаражатты неге қайтармайтыны туралы сұраққа жауап бере келе, ол бұл монополистердің үлкен еңбек ресурстарының назарын аударатынын атап өтті. 

«Бұл 680 мың абонентке қатысты, және соларға қаражатты қайтару, яғни кім осы төлемдерді жасағанын анықтау — әкімшілендіру үшін өте күрделі процесс. Төлем жасаған адамды тауып, оған қаражатты қайтару — барлық осы механизмдер табиғи монополия субъектісінің өзіне еңбек пен уақыт ресурстарын талап етеді. Сондықтан, ыңғайлылық үшін және барлық тұтынушылар үшін, өйткені алдағы жылыту маусымында олар да алынатын қызметтер үшін төлем жасайды», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы.

Оның сөзінше, осыған байланысты қаражатты абоненттің жеке шотына сальдо ретінде қайтару механизмі әзірленіп, енгізілген.

«Яғни минус ретінде көрсетіледі, сондықтан алдағы жылыту маусымында олар жоспарланған сомадан аз төлейді», - деп түсіндірді Тимур Қосымбаев.