Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

19 Қараша 2025 ж.

Қазақстанда суға деген сұранысты алдын ала болжау жүйесі енгізіледі

сумен қамту, жаңғырту, модернизация, ұлттық жоба, ЭКСЖ, - МЭКС

Бұл туралы 2025 жылғы 15 қыркүйекте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі қол қойған №365 бұйрықта айтылған. Бұйрық «Сумен жабдықтау және су бұруды басқарудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін ұйымдастыру, қалыптастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» деп аталады.  Бұл ереже «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қабылданған.

Олар онлайн немесе белгіленген уақыт аралықтарында сумен жабдықтау және су бұру нысандарының жай-күйіне мониторинг және болжау жүргізуге бағытталған.

Деректерді өңдеу өзгерістерді анықтауға және тұрғындарға қаншалықты су қажет екенін болжауға мүмкіндік береді. 

Суға деген сұранысты болжау, техникалық ақауларды анықтау және нысандардың жұмысын оңтайландыру үшін машинамен оқыту жүйелері мен аналитикалық платформалар қолданылады. Жиналған мәліметтер талданып, апаттар мен бұзылулардың себептерін анықтауға және жоюға, сондай-ақ нысандардың тиімділігін арттыруға бағытталады. Осы деректер негізінде мемлекеттік реттеу автоматты түрде жүргізіледі. Сондай-ақ жергілікті, өңірлік және ұлттық деңгейдегі басқару органдары үшін тұрақты және шұғыл есептер жасалады. 

Бұл жүйе қызметтердің сапасын арттыруға және олардың қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ауытқулар анықталса, жүйе технологиялық және басқарушылық үдерістерге түзету енгізу бойынша ұсыныстар бере алады.

Ережеде Ақпараттық жүйенің сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық тетіктер қарастырылған. Жүйеде сақталған мәліметтер қолжетімділігі шектеулі ақпарат санатына жатады.

Су жеткізу және су бұрумен айналысатын мекемелердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарына сай болуы тиіс. Осылайша, №365 бұйрық Қазақстандағы су инфрақұрылымын толық цифрландыру және орталықтандырылған басқару үшін қабылданған. Бұл – барлық жаңғырту және пайдалану шешімдерінің нақты, жедел алынған деректерге негізделуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам.