Колл-центр
22 Қазан 2025 ж.
Қазақстанда коммуналдық төлемдерді жинау жүйесі қалай өзгереді
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 336 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық қызметтердің тізбесін және Коммуналдық қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 249 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрықты қарапайым сөзбен түсіндіреміз.
Бұл құжат коммуналдық қызметтерге ақы төлеу саласында тәртіп орнатуға, ашықтықты арттыруға және тұтынушылардың ақшасын қорғауға бағытталған.
Бұйрықтың басты мақсаты – төлем жүйесін өзгерту. Яғни, халықтың жарық, жылу, су, кәріз үшін төлеген ақшасы дұрыс қызмет көрсетушіге уақытылы жетуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ тұрғындардың төлеген коммуналдық қызмет ақысы делдалдардың қолында қалмай, орнымен қолданылуын қадағалау.
Осы бұйрық бойынша енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – енді барлық жерде Бірыңғай есеп айырысу орталығы (БЕО) мен Бірыңғай төлем құжаты (БТҚ) енгізіледі.
Бұл дегеніміз – енді әрбір өңірде Бірыңғай есеп айырысу орталығы (БЕО) жұмыс істеуі тиіс. Бұл орталық тұтынушыларға ыңғайлы коммуналдық және қосымша қызметтер үшін барлық төлем енгізілген Бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) қалыптастырады.
Бұл не үшін қажет? Әртүрлі жеткізушілерден бірнеше шот алудың орнына, сіз бір шотты аласыз. Бұл төлем процесін жеңілдетеді. БЕО барлық қызметті автоматты және дұрыс есепке алу үшін ақпараттық жүйелерді (биллинг) пайдалана отырып, жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимыл үшін бірыңғай терезе ретінде әрекет етеді.