Колл-центр
3 Маусым 2026 ж.
Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы ЭКСЖ-ның тағы 21 жобасын қаржыландырды
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстан тұрғын үй компаниясы 21 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 37 млрд теңге бөлді. Қаржыландыру Абай, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын сатып алу арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Қаржыландырудың негізгі бағыттары:
Абай облысы (5 жоба)
Семей қаласында магистральдық жылу желілері мен қазандықтарды реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар қаланың оң жағалау бөлігіндегі жылу энергиясының 146,99 Гкал/сағ көлеміндегі тапшылығын азайтуға, сондай-ақ тозу деңгейі 81%-ға жеткен жылу желілерінің жағдайын жақсартуға бағытталған. Жобаларды іске асыру жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, апаттық жағдайларды азайтуға және жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы (1 жоба)
Степногорск қаласында қаланы сумен қамтамасыз ететін жалғыз көз болып табылатын «Гидроторап» учаскесіндегі сорғы станцияларын реконструкциялау жүргізілуде. Су желілерінің тозу деңгейі 90%-ды құрайды. Жоба халықты, ЖЭО мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік әсері – 66 мыңнан астам адамның сумен жабдықтау сапасының жақсаруы.
Қостанай облысы (2 жоба)
Қостанай қаласында тозу деңгейі 90%-ға дейін жеткен су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау жобалары іске асырылуда. Жобалар апаттылықты төмендетуге, су басу қаупінің алдын алуға және коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған.
Солтүстік Қазақстан облысы (13 жоба)
Петропавл қаласында су құбыры, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін ауқымды жаңғырту көзделген. Жеке нысандардың тозу деңгейі 100%-ға жетеді. Жобаларды іске асыру жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, жүздеген мың тұрғынға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттырады.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы 13,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 1,9 трлн теңге - жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (ЖАО МБҚ) сатып алу есебінен.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.
Фото: Жасанды интеллект