9 Қыркүйек 2025 ж.
Қазақстан энергетика және ТКШ басқарудың жаңа моделін құруда

Бұл туралы Үкімет отырысы барысында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді. Отырыс Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларға арналды.
«Біз ТКШ энергетикасы мен инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін құрып жатырмыз. Бұл тарифтердің пропорционалды өсуі, қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттырады. Бұл, әрине, саланың инвестициялық тартымдылығының артуына әкеледі. Бұрынғы тұрақты тарифтерге негізделген модель қазіргі жағдайда тиімсіз, себебі ол жабдықтардың тозуы мен апат деңгейінің артуына алып келді. ТКШ жүйесін нарықтық негізге көшіру — біздің міндетіміз», - деді ол.
Елімізде энергия көздерін ауқымды жаңғырту басталды, инвесторлардың қатысуымен ірі жобалар, оның ішінде бірінші атом электр станциясының құрылысы іске асырылуда.
«Атом генерациясының қосымша қуаттарын енгізу мәселесін пысықтауды жеделдету қажет. Қоршаған ортаны сақтауға кепілдік беретін заманауи технологиялар негізінде көмір өндірісін ұлғайту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет», - деді премьер.
Олжас Бектенов су ресурстары министрлігіне 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық су балансын қалыптастыруға және реттеуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық су ресурстары платформасын құру жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды.
«Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында озық технологиялар трансфертін жолға қою қажет. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралармен және суды есепке алу жүйелерін орнатумен шектелмей, «көлеңкелі» су нарығын жою жөнінде пәрменді шаралар қабылдасын», - деді Үкімет басшысы.
Премьер сонымен қатар мемлекеттік органдар тарапынан суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын айтты.