8 Қыркүйек 2025 ж.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі шаралар туралы айта отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Президент айтқандай, Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының тозуын азайту үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар.Тарифтерді ырықтандыру және энергетика мен ТКШ басқарудың жаңа моделін қалыптастыру есебінен қызметтердің сенімділігі мен сапасы олардың құнына сәйкес қамтамасыз етілетін болады.
«Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл қажеттігін айта келе, жаңғырту жөніндегі жобаларды орындау кезінде озық цифрлық технологияларды пайдалану міндетін қойды.
«Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома. Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па дегенді жаңаша зерделеген жөн. Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекешеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы. Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту инфрақұрылым мен тұрғын үй қорының энергия тиімділігін арттырумен қатар жүруі тиіс.