Колл-центр
30 Сәуір 2026 ж.
Қарағанды облысының коммуналдық желілерін ауқымды жаңарту күтіп тұр: ондаған миллиард инвестиция тартылады
Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы үлкен өзгерістер кезеңінде тұр. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында өңірде ондаған жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірде таяу жылдары қандай өзгерістер болатыны және олардың тұтынушыларға қалай әсер ететіні туралы Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының энергетика және газдандыру бөлімінің бас маманы Әсем Алдабергенова айтып берді.
– Ұлттық жоба бойынша Қарағанды облысында қандай нысандарды жаңғырту жоспарланған? Бұл жобаларбы іске асыруға қанша қаражат бөлінеді?
– 2026 жылдан бастап облысымызда жылу мен су жүйелерін жаңартуға арналған үлкен жұмыстар басталады. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр.
Жылу жүйесін жаңарту (3 ауқымды жоба)
Жылу құбырларының сапасын жақсарту үшін 25 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Нәтижесінде 7 шақырымдық ескі құбырлар жаңасына ауыстырылады:
Қарағанды қаласында: Ең үлкен жоба – М3 жылу магистралін жаңарту. Бұған 16,9 млрд теңге бөлінген. Бұл қаланың жылу жүйесіндегі маңызды бөлік болғандықтан, қыста үйлердің жылы болуына тікелей әсер етеді.
Абай қаласында: ҚарГРЭС-тен қалаға келетін негізгі жылу желілері жөнделеді. Бұл жұмыстарға 4,9 млрд теңге жұмсалып, 2,6 шақырым құбыр жаңартылады.
Шахтинск қаласында: Молодежная көшесінің бойындағы тозығы жеткен жылу желілері ретке келтіріледі. Бұған 2,9 млрд теңге қарастырылған.
Су мен кәріз жүйесі (Саран қаласы, РТИ ауданы)
Саран қаласының РТИ ауданындағы су мәселесін шешу үшін 3 млрд теңгеге екі ірі жоба қолға алынады:
Жаңа кәріз жүйесі: 17,7 шақырым болатын жаңа кәріз құбырлары тартылады (1,2 млрд теңге).
Ал таза су мәселесіне келер болсақ, 33,8 шақырымдық жаңа су құбыры салынады. Сонымен қатар, судың қысымы жақсы болуы үшін арнайы резервуар мен қуатты сорғы станциясы орнатылады (1,9 млрд теңге). Қысқасы, бұл жобалардың мақсаты – қыс ортасында құбырлардың жарылуын азайтып, үйлерге тұрақты жылу мен таза су жеткізу.
Электрмен жабдықтау жобаларына келетін болсақ. «Қарағанды Жарық» ЖШС Ұлттық жобасы аясында 2025 жылдан бастап 18,5 млрд теңге сомасына 58,2 км электр желілерін және 2 қосалқы станцияны қайта жаңарту бойынша 4 пилоттық жоба бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Бүгінгі күні субъект шарттар жасасты, материалдар сатып алуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл маусым айынан басталады. Жобаларды іске асыру кезеңі 2027 жылға дейін жоспарланған.
Олар:
1. «Жосалы» КС 35/10кВ қайта жаңарту – 987,8 млн теңге (қазақстандық қамту үлесі – 81,7%).
2. «ГРЭС - 2-Қарағайлы» ӘЖ-110кВ 1,2 тізбекті қайта жаңарту: - ӘЖ-110 кВ Карбышевка КС – Қарағайлы КС – 10,7 млрд теңге, 39 км (қазақстандық қамту үлесі – 73%).
3. ҚС 110/6кВ РТИ шағын ауданында – 1,5 млрд теңге (қазақстандық қамту үлесі – 88,9%).
4. ВЛ-110кВ «Астаховка-Шоқай» – 5,3 млрд теңге, 19,2 км (қазақстандық қамту үлесі – 68,2%).
Бұдан басқа, ЭКСЖ электрондық платформасында жалпы ұзындығы 143,5 км электр желілері бар 18 млрд теңге сомасына 8 өтінім (жоба) іске қосылды. Қазіргі кезде жобалар операторлардың мақұлдауында жатыр.
– Жалпы, аймақтағы коммуналдық желілердің ауқымы туралы айта отырсаңыз.
– Өзіңіз білесіз, Ұлттық жобаның негізгі міндеті тозуды 40%-ға дейін төмендету. Осы мақсатқа жету үшін біздің өңірде де әр сектор бойынша тозу деңгейін барынша төмендету жоспарланған. Бүгінгі таңда Қарағанды облысындағы жылу, су, электрмен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы 34 649 км-ден асады. Олардың ішінде:
- жылумен жабдықтау – 1 154 км, тозуы 60,3%
- сумен жабдықтау – 4 895 км, тозу 47,19%
- су бұру (кәріз желілері) – 1 713 км, тозу 75,3%
- электрмен жабдықтау – 26 887 км, тозуы 68,3%. Ендігі мақсатымыз әр сектор бойынша желілердің тозуын төмендету.
– Ұлттық жобада пилоттық жобаларға және жаңғырту жұмыстарына отандық тауарларды қолдануға басымдық берілген. Ал Қарағанды облысында ЭКСЖ аясында отандық тауар өндірушілердің тауарын қолдану аясы қандай?
– Дұрыс айтасыз, жаңғырту жұмыстарына отандық тауарларды қолдану өте маңызды. Пилоттық жобалар шеңберінде 2025 жылы Қарағанды және Теміртау қаласы бойынша облигациялық қарыздар шығару есебінен жалпы ұзындығы 9 км жылу желілерін 10,4 млрд.теңге сомасында жылумен жабдықтау жөніндегі 3 жобаны іске асыру, сондай-ақ 2,5 млрд теңге сомасына су тазарту кешенінің негізгі құрылыстарының блоктарын қайта жаңарту басталды. Бұл жобаларды іске асыруда отандық тауарларға басымдық берілді. Мәселен, 4 жоба бойынша қазақстандық тауарларды қолдану деңгейі 80%-дан асады.
– Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы шеңберінде монополист кәсіпорындар қандай жаңарту жұмыстарын іске асырып жатыр?
– Орынды сұрақ. Әңгіме «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы туралы болып отыр. Бұл дегеніміз – халық төлейтін коммуналдық қызмет ақысының бір бөлігі жылу мен жарық жүйелерін жаңартуға жұмсалады деген сөз. Қарағандыдағы негізгі кәсіпорындар бұл ақшаны қалай жұмсайтынын қысқаша түсіндірейін: 2025 жылғы жұмыстар (жалпы сомасы 4 млрд теңге).
- «Теплотранзит Қарағанды» (Жылу жүйелері): Көшелердің арасындағы жылу құбырларын ауыстыруды жалғастырады.
- 309 млн теңгеге сорғы станциясын жөндеп, былтырдан қалған 1,3 шақырымнан астам құбырды жаңарту жұмыстарын аяқтайды.
- «Қарағанды Жарық» (Электр желілері):
- 99 млн теңгеге ұзындығы 15 шақырым болатын ескі электр желілерін (Победа – Энгельса бағыты) жаңартады. 2,3 млрд теңгеге жаңа «Болашақ» қосалқы станциясын сала бастайды. Бұл – қаланы тұрақты жарықпен қамтамасыз ету үшін жасалатын үлкен жоба.
2026 жылға жоспар (жалпы сомасы: 2,1 млрд теңге)
Жылу бойынша тағы бір сорғы станциясы мен 585 метр құбырды жаңартуға 600 млн теңге жұмсалады. Жарық бойынша «Болашақ» станциясының құрылысын жалғастыруға тағы 1,5 млрд теңге бөлінеді.
– Қарағанды облысында Ұлттық жобаның қандай әлеуметтік әсері болады?
– Ұлттық жоба шеңберінде жобаларды іске асыру инженерлік желілердің тозуын азайтуға, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықты сапалы жылумен, сумен, электрмен жабдықтаумен қамтамасыз етеді. Менің ойымша, әсіресе, жылыту маусымы кезінде тұрғындар тарапынан жылу мәселесіне қатысты шағым азаяды, қақаған қыста «жылу берілмей қала ма, дірдектеп жаураймыз ба» деген үрейден арылады. Халық қыстан алаңсыз, апатсыз шығады. Қарағанды облысында коммуналдық қызметтердің сапасы артады деген жоспарымыз бар. Тозу деңгейі төмендейді. Жыл сайын осындай жөндеу жұмыстарының арқасында құбырлар мен сымдардың ескіру көрсеткіші орта есеппен 1,5%-ға азайып отырады.
– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рақмет!