Колл-центр
2 Маусым 2026 ж.
Жылу ақысын қалай аз төлеуге болады?
Бүгінде халықтың басым бөлігі ақша үнемдеу жағын жиі ойланатын болды. Қазір әр адам қолынан келгенше үнемдеуге тырысады. Ал Қазақстанның көптеген өңірлерінің тұрғындары бұған қоса жарты жылға жуық уақыт бойы жылу ақысын да үнемдей алады. Бірақ бір талап бар – үйге жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік аспап орнатылып, пайдалануға берілгені маңызды.
Бұл құралдың пайдасы өте зор екенін Қарағанды әкімдігі айтып берді. Қазір бұл қаладағы көпқабатты үйлердің 95%-ы осындай есептегіштермен қамтылған. Яғни, 2 734 үйдің 2 595-іне орнатылған. Ал қалған 5%-ына, яғни 139 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық себептерге байланысты бұл құралды орнату мүмкін емес.
Мұндай құрылғылар үйдің нақты қанша жылу тұтынғанын дәл жазып отырады. Соның арқасында жылу беретін мекеме тұрғындарға іс жүзінде пайдаланған жылуынан артық көлемде ақша есептей алмайды. Ал егер үйге ортақ жылу есептегіш орнатылмаса, түбіртектегі сома белгілі бір бекітілген нормативтер бойынша есептеледі. Мұндай жағдайда жылу пәтерді жылытты ма, әлде көшедегі ауа жылыды ма - маңызды емес. Бәрібір жылу ақысын толық төлеуге тура келеді.
Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар нақты бір көпқабатты үйге энергия үнемдейтін технологияларды енгізу қажет пе, жоқ па – соны анықтауға да көмектеседі. Оның үстіне, жылуды есепке алумен қатар, оның қысымы мен температурасын автоматты түрде реттейтін жүйелерді бірге орнатқан тиімді.
Мысалы, үйге автоматты араластырғыш торап (узел) орнатуға болады. Ол даладағы күннің суық-жылылығына қарай үйге баратын жылуды өзі реттеп отырады. Бұл жылу энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, осылайша жылу ақысы да едәуір аз болады.
«Осылайша, үйге ортақ есептегіш құралды орнату – тек нақты тұтынған жылу көлемі үшін ғана төлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл құрылғы арқылы жылу шығынын бақылап отыруға болады. Тұрғындар өз үйін басқаратын мекемеден жылу мен ыстық суды үнемдейтін шаралар қолға алуды талап ете алады. Мәселен, ғимараттарды жылыту, құбырларды оқшаулау, температура мен шығыстарды автоматты реттеу аспаптарын орнату және т.б секілді жұмыстарды жүргізуді сұрауға құқылы», - деді Қарағанды әкімдігінен.
Шенеуніктер сөзін нақты дәлелдер арқылы арқылы келтірді. Мысалы, жылу есептегіші жоқ үйдегі ауданы 40,7 шаршы метрлік кәдімгі пәтердің иесі бекітілген норматив бойынша ай сайын шамамен 7,6 мың теңге төлейді. Өткен жылу беру маусымында (6 ай ішінде) мұндай пәтерді жылытқаны үшін 61 660,27 теңге есептелген. Ал дәл сондай пәтері бар, бірақ үйінде есептегіш құралы жұмыс істеп тұрған тұрғын өткен қыста 63% ақша үнемдеген. Ол жылу беретін мекемеге 6 ай үшін небәрі 22 798,61 теңге ғана төлеген.
Ауданы 60 шаршы метр болатын пәтер иелері өткен жылыту маусымында норматив бойынша 91 мың теңгеге жуық ақша төледі. Ал есептегіш құралы бар үйдегі пәтер иесі - небәрі 23,4 мың теңге төлеп, қаржысын 74%-дан астам үнемдеді. Сонымен қатар, есептегіші жоқ үйлердегі ауданы 87,5 шаршы метрлік пәтер иелері 2025-2026 жылғы маусымда түбіртек бойынша 132,5 мың теңгеден астам ақша төледі. Ал жылу есептегіші бар үйде тұратындар шамамен 61,5 мың теңге ғана төлеген. Бұл жолы нақты бір абоненттің жылу ақысынан ақша үнемдеуі 55%-дан асқан.
Жылу есептегіш құралдарымен қамтылу көрсеткіші өте жоғары (95%-дан асады), бұл шынымен де жақсы нәтиже. Бірақ Қарағандыда орнатылған осы құрылғылардың тек 60%-ы ғана іске қосылған. Қалған көпқабатты үйлердегі тұрғындардың жартысынан астамы әртүрлі себептерге байланысты бұл есептегіштерді қосудан бас тартып отыр.
Жасанды интеллект фотосуреті