14 Қазан 2025 ж.
Жыл соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет тарифтері өзгермейді - Премьер-министр

Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылай келе, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы жан-жақты жаңғыртуды қажет етеді. Біз осы салада ұлттық жобаны іске асырудамыз. Үкімет ұстамды тарифтік саясатты қолдап отыр. Сондықтан аталған жұмыс ұзақмерзімді қаржыландыру мен монополистердің операциялық шығыстарын қайта қарау есебінен қамтамасыз етіледі.
Жыл соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет тарифтерін өзгерту жоспарланып отырған жоқ», - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр кез келген тарифтік өзгерісті халықтың тұрмыс сапасы мен мемлекеттің экономикалық саясатының басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүргізу керектігін ескертті.
«Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың сатып алу қабілетін қолдау, бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның орнықты жұмысын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Олжас Бектенов
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жанар-жағармай материалдарына тарифтердің өсуі инфляцияға жоғары қысым көрсетуде.
Ұлттық банк жүргізген сауалнама негізінде есептелетін іскерлік белсенділік индексі қыркүйек айының қорытындысы бойынша 50,9 пункт болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың наурыз айынан бері оң деңгейде сақталып келеді. Қыркүйек қорытындысы бойынша жылдық инфляция 12,9%-ды құрады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция – 10,8%.
«Ел ішіндегі экономикада инфляцияға қысым әлі де жоғары. Бұған тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің және жанар-жағармай бағасының өсуі, тұтынушылар сұранысының тұрақты болуы және бюджеттік шығыстардың артуы себеп болып отыр. Соның салдарынан айлық инфляцияның көрсеткіші қыркүйекте тарихи орташа деңгейден 3,6 есе жоғары болды», - деді Ерұлан Жамаубаев.