Колл-центр
25 Желтоқсан 2025 ж.
Инфрақұрылымның тозуын төмендету – тарифтердің өсуін тежеуге мүмкіндік береді – ТКШ ҚазОрталығы
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбековтың айтуынша, тариф инфрақұрылымды жаңғыртуға салынған инвестицияларды қайтару құралдарының бірі ғана және ол шығындарды толық жаба алмайды.
«Біз талдау жүргіздік. Көптеген жүйеде ресурстарды есепке алу мүлдем жоқ, бұл жобалардың тиімділігіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Шахтинск қаласында сумен жабдықтау нысандары 36% тозған. Қазір біз Дүниежүзілік банкпен нәтижеге бағытталған жеңілдетілген қаржыландыру тарту туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жылдық мөлшерлеме шамамен 10% болады деп жоспарлап отырмыз, оның тарифке әсері өте аз», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл қаражат су арналарындағы операциялық жүйелерді ретке келтіруге жұмсалмақ. Кейбір өңірлерде әлі күнге дейін гидравликалық есептеулер жүргізілмеген. Бұл желідегі қысымды дұрыс басқара алмауға, апаттар мен шығындардың артуына алып келеді.
Жылу және электрмен жабдықтау салаларында да шығын деңгейі жоғары.
«Электрмен жабдықтау мен кәріз жүйелерінде шығын деңгейі әлі де жоғары. Әсіресе, кәріз саласында жиі жағдайда жеке бюджет мүлдем жоқ. Мұндай жағдайда тариф бірнеше есе артса да, инвестицияның қайтарымы қамтамасыз етілмейді: өзін-өзі ақтау мерзімі 15 жылдан 30-40 жылға дейін созылып кетеді», - деп түсіндірді Нұрлан Солтамбеков.
Ол сәтті мысал ретінде бюджеттен қаражат тартпай-ақ жаңғыртуды іске асырып жатқан Шымкент су арнасын келтірді.
«Кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкінен шамамен 160 млн доллар тартты және қазіргі тариф бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ ондағы судың өзіндік құны еліміз бойынша ең төмен бағада деуге болады. Бұл – тиімді басқару мен шығындарды азайту арқылы бюджет қаржысын тартпай-ақ жұмыс істеуге болатынын көрсететін нақты мысал», - деді ТКШ ҚазОрталығының басшысы.
Оның айтуынша, ТКШ ҚазОрталығы Табиғи монополияларды реттеу комитеті және «Бәйтерек» холдингінің басты мақсаты – жаңғырту нәтижесінде кәсіпорындарды өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу және желідегі шығындарды айтарлықтай азайту.