Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

21 Қараша 2025 ж.

Энергетика және ТКШ жаңғырту ұлттық жобасына қатысу үшін мердігерлер мен өндірушілерді тіркеу басталды

тіркеу, мердігерлер, ұлттық жоба, электронды платформа, - МЭКС

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында ТКШ инфрақұрылымын жаңарту, инженерлік желілердің сенімділігін арттыру және отандық өндірісті дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Инженерлік желілерді жаңғыртуға және жабдықтарды ауыстыруға қажеттілік

Алдын ала есеп бойынша, 2026-2029 жылдары ұлттық жобаны жүзеге асыруға шамамен 6,2 трлн теңге инвестиция тарту қажет. Оның ішінде:

  • 2026 жылы - 1,1 трлн теңге;
  • 2027 жыл - 1,4 трлн теңге;
  • 2028 жылы - 1,7 трлн теңге;
  • 2029 жылы - 2,0 трлн теңге.

Жоспарланған инвестициялар шамамен 74 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл желілердің тозу деңгейін нормативке дейін төмендетіп, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырады.

Айта кету керек, бұл есептер алдын ала, индикативті сипатта жасалған. Қаржыландыру көлемі «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ (техникалық сараптама), «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ (қаржыландыру шарттары), ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті (тарифке әсері), сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттама, техникалық-экономикалық негіздеме және басқа да  қорытындылардан кейін нақтыланады. 

Ұсынылған ақпарат әлеуетті EPC-мердігерлерге Ұлттық жобаға қатысуды алдын ала жоспарлауға және алдағы конкурстық рәсімдерге дайындалуға мүмкіндік береді.

Отандық тауарларға қажеттілік (ОТӨ)

Жөндеу жұмыстарына деген қажеттілікке сүйене отырып, 2026 жылға арналған тауарлар тізімі жасалды. Сумен қамту, су бұру, жылу және электрмен жабдықтау салалары бойынша қажетті тауарлардың жалпы сомасы – 439 млрд теңге. Бұл тізімге құбырлар, кабель өнімдері, жапқыш арматуралар, құрылыс және жөндеу материалдары, электрод өнімдері кіреді.  

Аталған ақпарат отандық тауар өндірушілерге өндірісті алдын ала жоспарлау, өнім түрлерін кеңейту және Ұлттық жоба аясында жеткізу жұмыстарына қатысу үшін берілді. 

Электрондық сатып алу платформасын іске қосу

Ұлттық жобаны іске асыру аясында биыл қараша айынан бастап электрондық сатып алу платформасы іске қосылды meks.zakup.sk.kz.

Бұл платформа жобаларды жүзеге асырудың толық процесін қамтамасыз етеді. Мәселен, өтінім беру және келісу, жобаларды іріктеу, сатып алу рәсімдерін жүргізу, орындалуын бақылау секілді шараларды атқаруға мүмкіндік береді.

Қатысудың жалпы алгоритмі келесідей:

1. Ұлттық жобаның арнайы электронды сатып алу платформасына міндетті түрде тіркелу қажет. Бұл платформада тіркелуге тиіс ұйымдар:  

  • Табиғи монополиялар субъектілері;  
  • ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшелері;  
  • Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі;  
  • Жергілікті атқарушы органдар және олардың салалық бөлімшелері;  
  • «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ;  
  • «Бәйтерек» ҰБХ;  
  • EPC-мердігерлер;  
  • Отандық тауар өндірушілер;  
  • «Атамекен» ҰКП;  
  • «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ;
  • «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ; 
  • «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

2. Табиғи монополия субъекттері өз жобаларына өтінімдер дайындайды. Бұл өтінімдер Техникалық оператор, Тарифтік реттеуші және Қаржылық оператор тарапынан мақұлдануы керек.

3. Өтінімдер мақұлданғаннан кейін табиғи монополия субъекттері EPC-мердігерлерді анықтау үшін конкурс құжаттамасын әзірлейді.

4. Таңдалған EPC-мердігерлер жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлейді. ЖСҚ бекітілгеннен кейін EPC-мердігерлер отандық тауар өндірушілерден тауарларды сатып алады.

Егжей-тегжейлі нұсқаулықты мына сілтеме арқылы көруге болады: https://modernization.kz/ru/instructions/

ЕРС-мердігерлерді, отандық тауар өндірушілерді, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарды платформада тіркеліп, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға  белсенді қатысуға шақырамыз.