Колл-центр
6 Қаңтар 2026 ж.
Энергетика және ТКШ жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске асырыла бастайды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны практикалық тұрғыдан іске асыруға кірісуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбатына пікір білдіре отырып, Үкімет басшысы Президент айқындаған басымдықтар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақмерзімді күн тәртібін белгілейтінін атап өтті. Мемлекеттік органдардың алдында қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақмерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндеті тұр.
«Бұл – барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды», - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр энергетика және коммуналдық салалардағы реформаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды. Осы тұрғыда әділ тариф қалыптастыру инфрақұрылымды жаңғыртудың қажетті шарты ретінде қарастырылады.
«Қызмет сапасын арттыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту – экономикалық тұрғыдан негізделген тарифтерсіз мүмкін емес. Сонымен бірге, мемлекет шын мәнінде мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсетуді жалғастырады», - деді ол.
Сонымен қатар жиын барысында Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға кірісу тапсырылды.