Колл-центр
24 Желтоқсан 2025 ж.
ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру Қазақстанның ЖІӨ-нің өсуіне оң әсер етеді
«Бәйтерек» холдингі арқылы ірі инвестициялық жобалар 2025 жылы экономиканы қаржыландыру көлемін 8 триллион теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінің 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық өсуіне болжам жасады.
Алматыда өткен болжамды таныстыру кезінде ЕАДБ елдік талдау орталығының аға сарапшысы Айгүл Бердіғұлова алдағы үш жылда Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша болжамның жоғары болуына не әсер ететіні түсіндірді.
Зерттеуге сүйенсек, Қазақстан экономикасы соңғы 13 жылдағы ең жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында ЖІӨ жылдық көрсеткіш бойынша 6,4%-ға өсті. Бұл 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
«ЖІӨ бойынша біздің болжамымызға сәйкес, Қазақстан экономикасы биылғы жылды шамамен 6% өсіммен аяқтайды деген болжам бар. Бұл бірінші кезекте биліктің ірі инвестициялық салымдарды «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асыруымен байланысты. Атап айтқанда, холдинг биыл экономиканы қаржыландыру көлемін 8 триллионға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Біздің бағалауымыз бойынша бұл ЖІӨ-нің шамамен 5 немесе 6%-ына сәйкес келеді», - деді ол.
Биылғы өсімді қамтамасыз ететін екінші фактор – Теңіз кен орнында мұнай өндірудің іске қосылуы. Тек осы бір фактордың өзі экономика өсіміне қосымша 0,3-0,4 пайыз қосады.
«2026 жылға келсек, мұнай өндіру көлемі 3%-дан асады деген болжам бар. Жалпы алғанда, 2026 жылы Қазақстан экономикасының тұрақты өсімі 5,5% деңгейінде болады. Билік тарапынан инвестициялық әлеуетті ашуға бағытталған бастамалар жалғасады деп есептейміз. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы жыл сайын экономикада 100 ірі инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл жобалар негізінен өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен салаларында. Экономика өсімін қамтамасыз ететін тағы бір маңызды фактор – 2029 жылға дейінгі инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру», - деді аға талдаушы.
Ол 2026 жылы су-энергетикалық, көлік және цифрлық инфрақұрылымның 200-ден астам жобасын іске асыруды көздейтін Ұлттық жобаның жаңа кезеңі басталатынын атап өтті.
«Бұл жобалардың барлығы экономикаға үлкен көлемде инвестиция салады, бұл экономикалық өсімді ынталандырады», - деп нақтылады ол.
Макроэкономикалық болжамда көрсетілгендей, Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-қазанда көбінесе Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асырудың арқасында 13,1%-ға өсті. Капитал салымдарының негізгі өсуі энергетика (1,5 есе) және көлік (+14,8% г/г) секторларында байқалады.
«Ішкі сауда ЖІӨ-нің 1,4 пайыз өсуіне әсер етті. Бұл ретте ақшалай-кредиттік шарттардың қатаңдатылуы әсерінен тұтынушылардың белсенділігі біршама баяулайды деп пайымдаймыз. 2025 жылғы IV тоқсанда өсудің баяулауы да өткен жылдың осындай кезеңіндегі жоғары көрсеткіштер есебінен қалыптасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсуі 5,9%-ға дейін болады деп болжап отырмыз», - деді ЕАДБ сарапшылары.
Еске салайық, 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жылу, электр және сумен жабдықтау желілері мен нысандарын, сондай-ақ су бұру жүйелерін кешенді жаңартуды көздейді.