Қаз

19 Қыркүйек 2025 ж.

ЭКСЖ ұлттық жобасы табиғи монополиялардың 200-ден астам кәсіпорнын қамтиды

ТМС, ЭКСЖ, жаңғырту, - МЭКС

Бұл  туралы Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында өткен конференция барысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.

«Ұлттық жоба аясында 200-ден астам ТМС қамтылған, оның 70%-ы мемлекеттік, 30%-ы жеке субъектілер. Олардың барлығы өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қала түріне байланысты төрт санатқа бөлінген, барлығы 57 қала қамтылып отыр», - деді ол. 

Қалалардағы халықты қамту мөлшері 12-13 миллион адам, бұл республикадағы жалпы халықтың 60-65%-ына тең.

«Тұрақтылық» тұрғысынан айтқанда, бірінші және екінші деңгейге агломерацияның ірі орталықтары – 4 қала (Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе) және 16 облыс орталығы кіреді. Мұнда абоненттік базасы үлкен, қаржылық тұрғыдан тұрақты 106 ТМС жұмыс істейді.

Үшінші және төртінші деңгейлерге моноқалалар мен шағын қалалар жатады, онда 108 субъект жұмыс істейді», - деді вице-министр.  

Жалпы инфрақұрылымды жаңғырту басымдық тәртібімен желілердің тозуы жоғары 87 ТМС-да және орташа деңгейдегі тозуы бар (сары аймақ) 52 ТМС-да жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, ол реттелетін коммуналдық салалардағы «тозудың сыни аймағында» орналасқан монополистердің санын ұсынды.

«Мысалы, жылумен жабдықтау саласында еліміздің 11 өңірінде 17 монополистің жылу желілерінің тозуы 65%-дан асады, олардың ең көбі Қарағанды облысында – 4, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында – 3 субъектіден», - деп хабарлады Асан Дарбаев.

46 субъектінің 18-і электр желілерінің тозуы 70%-дан жоғары және 11 өңірде орналасқан, олардың ең көбі Қостанай облысында (5 ТМС).

«Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру салаларына қатысушы субъектілердің шамамен жартысының тозуы 70%-дан асады.

Атап айтқанда, сумен жабдықтау бойынша 23 субъект 13 өңірде «тәуекел аймағында», олардың ең көбі Ақмола және Қарағанды облыстарында – 3 ТМС-нен.

Суды бұру бойынша 24 субъект 12 өңірде орналасқан, олардың ішінде Қарағанды облысында – 5 ТМС, Ақмола және Қостанай облыстарында – 3 субъектіден», - деді ол. 

Коммуналдық желілердің жыл сайынғы табиғи тозуы шамамен 2–3%-ды немесе 4–5 мың км құрайтындығын атап өту қажет. Сонымен бірге қолданыстағы инфрақұрылым 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

Тозуға тиімді қарсы тұру үшін инженерлік желілердің жөндеу көлемін айтарлықтай арттыру қажет.