Қаз

19 Қыркүйек 2025 ж.

ЭКСЖ ұлттық жобасы: Астанада бизнестің мүмкіндіктері және инвестиция тарту бағыттары талқыланды

мэкс, астана, модернизация - МЭКС

Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (ЭКСЖ) іске асыруға арналған конференция өтуде.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев конференцияның пленарлық отырысын аша отырып, іс-шараға қатысушылар алдында  инфрақұрылымды дамыту – Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі екенін айтты. 

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға» бағытталған ұлттық жоба тек қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар жаңа тәсілдерді, технологияларды және реттеу үлгілерін енгізуге де бағытталған. Бұл – өндірістік қуаттарды, инженерлік желілерді, салаларды цифрландыруды және қажетті инвестицияларды тартуды қамтитын ауқымды түрлендіру», – деді вице-премьер.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазақстан халқына Жолдауында қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді түрде шешудің маңыздылығын айтты. Аталған мәселелерді шешу мақсатында былтыр желтоқсан айында Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға» бағытталған ұлттық жобаны бекітті.

Ұлттық жоба бірнеше негізгі бағыттарды қамтиды:

-          энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды, сондай-ақ генерациялау нысандарын жаңғырту және салу;

-          жобаларды іске асыру барысында ел ішіндегі құндылық көрсеткіштерін арттыру;

-          бизнес-процестерді цифрландыру және қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде аспаптандыру

Алдын ала бағалау бойынша, Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 5 жыл және одан да ұзақ мерзімге 86 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеу мен салуға, сондай-ақ жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздерін іске қосуға 13 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет.

Бүгінгі таңда қаржы институттары тарапынан ұзақ мерзімді және қолжетімді несиелеуді кедергісіз тартуды қамтамасыз ететін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды.

 «Қазір біз Ұлттық жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өттік», - деді Қанат Бозымбаев.

 Биыл пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі бойынша жалпы сомасы шамамен 144 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылуда. Халықаралық қаржы институттарымен қарқынды түрде келіссөздер жүргізілуде. Мысалы, ЕҚДБ Ақтөбе облысында кәріз-тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаларды іске асыруда.

Жыл соңына дейін 2026 жылға қажеттіліктерді қаржыландыру көздерін айқындау, сондай-ақ сатып алу және жобалау рәсімдерін әзірлеу жұмыстары басталады. Қаржыландыру бюджет есебінен, халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын қоса алғанда, нарықтық көздер және тариф арқылы қамтамасыз етіледі. АЛ оны біртіндеп әрі жүйелі түрде өзгерту көзделіп отыр.