Колл-центр
4 Желтоқсан 2025 ж.
ЭКСЖ техникалық операторы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы негізгі кедергілерді атады
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков ЭКСЖ Қоғамдық кеңесіне техникалық оператордың функцияларын орындау барысында анықталған негізгі кедергілерді атады.
Оның айтуынша, бірінші кезектегі проблема жобалық құжаттаманың сапасы Пысықтауға қайтарылған жобалардың жоғары үлесі дайындықтың бастапқы кезеңдерінде күшейтілген әдіснамалық қолдау және алдын ала скрининг қажеттігін көрсетеді.
«Екінші мәселе – жобалардың қаржылық тұрақтылығы. Салынған ннвестициялық қаражаттың қайтарымы тұрақты болатынын дәлелдейтін деректер жеткіліксіз. Бұған желілік компаниялардың жұмысында тиісті есептің жүргізілмеуі және барлық деңгейде автоматтандырудың жоқтығы себеп болып отыр», - деп түсіндірді Нұрлан Солтамбеков.
Үшіншісі – мердігерлердің техникалық дайындығы. ТМС мен ЖАО-да кәріздік су тазарту құрылыстары сияқты техникалық жағынан күрделі жобаларды іске асыру тұрғысынан тәжірибесі мол емес.
«Төртіншісі – импортқа тәуелді болу қаупі. Қазіргі таңда отандық тауар өндірушілер (ОТӨ) пайдаланатын шетелдік бөлшектердің үлесі әлі де жоғары. Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілер тізіліміне ену талаптарында тауардың отандық екенін және өндірістік процестің үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеу қиын екені байқалады. Бұл мәселе назар аударуды және қосымша талдауды қажет етеді. Өйткені техникалық оператор осы мәліметтер негізінде мониторинг жүргізуі тиіс», - деді «ТКШ ҚазОрталығы» басшысы.
Бесінші – бұл маман тапшылығы. Табиғи монополия субъектілерінің бәрінде бірдей техникалық жағынан күрделі және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру кезінде қажет болатын білікті мамандар жеткілікті емес. Осыған байланысты техникалық оператор ірі жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды күшейту және нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шараларды қарауды ұсынады.
Нұрлан Солтамбеков сондай-ақ кейбір инженерлік нысандарды жүзеге асырудағы теріс тәжірибе туралы еске салып, әдістерді өзгерту қажеттігін баса айтты. Ол техникалық тұрғыдан күрделі нысандарды ұзақ мерзімді пайдалану кезеңімен бірге қарастыру тиімді екенін атап өтті. Мұндай механизм құрылысшылар мен технология жеткізушілерге шешімдердің сапасына жауапкершілік жүктеп, нысандардың толық өмірлік циклін ескеруге мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелеріне жобалардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға қатысты ұсыныстар мен бастамалар әзірлеу ұсынылды.