Колл-центр
5 Желтоқсан 2025 ж.
ЭКСЖ жобаларының барлығында әр қаланың бас жоспары ескерілуі керек
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы» аясындағы жылу, электр, су беру және су бұру жүйелерін жаңартуға байланысты өтінімдерде міндетті түрде бекітілген қала құрылысына қатысты құжаттары болуы тиіс. Оған әр қаланың бас жоспары мен жылу, электр және сумен қамту сызбалары кіреді. Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбеков хабарлады.
Оның айтуынша, кейбір жағдайларда техникалық оператор мемлекеттік сараптамадан өткен жобалардың өзінен де сәйкессіздіктерді анықтап жатады.
«Бізге мемлекеттік сараптамадан өткен кейбір жобалар келіп түсті. Оларға қарапайым ескертулер жасадық. Мысалы, Қарағанды – Теміртау бағытындағы су құбыры бойынша станция қарастырылған. Біз бұл нысанды 9 миллиард теңгеге мақұлдадық. Бірақ бастапқыда жоба 10 миллиардқа ұсынылған. Біз гидравликаны есептеп шықтық та, бұл сорғы станциясын салуға болмайтынын айтып, ұсыныс бердік», - деп түсіндірді ол.
Біраз өңірде бас жоспар жоқ.
Қоғамдық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бас жоспарларды әзірлеу мәселесі әлі де өзекті болып тұр.
«Бүгінгі таңда небәрі үш қалада ғана нақты бас жоспар бар. Құрылыс кодексін екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдадық. Сол жерде бұл мәселелер де қаралды. Енді Жаңа жылдан бастап қалай іске асатынын көреміз», - деп нақтылады депутат.
ТКШ ҚазОрталығының басшысы орталық мамандары әр жобаны мұқият зерттейтінін айтты.
Нысанның апаттық жағдайы арнайы құжаттармен және техникалық тексеру актілерін негізге ала отырып расталуы керек. Сонымен қатар, апаттық жұмыстардың жүргізілгені жөнінде журналда жазбалар болуы тиіс.
«Құбырдың әрбір диаметрін дамыту, кеңейтуге қажет пе, әрқайсысын қарастырамыз. Сондай-ақ біз егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын қараймыз. Бас жоспардың бар-жоғын, қашан бекітілгенін тексереміз. Яғни, қуаттылықты арттыруға қатысты барлық растайтын құжаттарды мұқият қарап шығамыз», - деп қорытындылады Нұрлан Солтамбеков.