Колл-центр
12 Қараша 2025 ж.
ЭКСЖ жобалары үшін инвестициялық өтінімдерді бағалауға арналған «бірыңғай терезе» тетігі енгізілді
Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы инвестициялық жобаларды бағалау және қаржыландыру үшін «бірыңғай терезе» тетігі енгізілді. Бұл жүйе жобаларды қарау, мақұлдау және қолдауды бір орталықтан тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Тиісті ережелер ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 4 қыркүйектегі №88 бұйрығымен бекітілді. 5 қыркүйекте Әділет министрлігінде №36799 тіркеумен заңды күшіне енді.
Жаңа тәртіп энергетика және ТКШ саласындағы жобаларды іріктеу, қаржыландыру және субсидиялаудың ашық және дәйекті процесін белгілейді.
Шешім қабылдауда қаржы операторы – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басты рөл атқарады. Кешенді бағалау қорытындысы бойынша оператор мыналарды анықтайды:
- қаржыландыру тетігі – тікелей қарыз беру (мысалы, Қазақстанның Даму Банкі немесе екінші деңгейлі банктер арқылы) немесе жобаларды қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекеттік бағалы қағаздар шығару;
- субсидиялау мүмкіндігі – қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеу мүмкіндігі.
Өтінімдерді қараудың барлық циклі берілген күннен бастап қабылданған шешім туралы хабарламаға дейін Электрондық сатып алу платформасы арқылы жүзеге асырылады. Жүйе техникалық тұрғыдан қолжетімсіз болса, бизнесті қолдаудың бірыңғай порталы пайдаланылады.
«Бірыңғай терезе» тетігінің енгізілуі инвестициялық ұсыныстарды қарау талаптарын біріздендіруге және мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тек техникалық жағынан негізделген әрі қаржылық тұрақты жобалар ғана субсидияланатын қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізе алады. Бұл ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асырудың тиімділігін арттырады.