Қаз

25 Қыркүйек 2025 ж.

ЭКСЖ аясында ТКШ цифрландыру бойынша жұмыс тобы құрылды

Шымкент, ЭКСЖ, цифрландыру, - МЭКС

Бүгін бұл туралы Шымкентте «Су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісіндегі цифрлық құралдар» тақырыбындағы республикалық семинар-кеңес барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді. 

«Ұлттық жоба аясында ТКШ цифрландыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына есептеу аспаптарын өндірушілер, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар, байланыс операторлары, әкімдіктер және табиғи монополиялар субъектілері кірді. Бұл нормативтік актілерде де, кәсіпорындардың өз деңгейінде де өзгерістерді талап ететін үлкен кешенді жұмыс», - деді ол.

Қазақстан су және энергия желілерін басқарудағы адами факторды төмендету үшін республика бойынша ақылды технологияларды: зияткерлік есепке алу аспаптарын, ТПБАЖ және жасанды интеллектті енгізуді жоспарлап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, жасанды интеллектіні енгізу апатты қысқартуға, су мен энергия шығынын 15-30%-ға азайтуға, сондай-ақ инфрақұрылымды ұзақ уақыт бойы пайдалануға мүмкіндік береді. 

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ауқымды реформасы инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, ТКШ басқаруды шынымен де «ақылды» ете отырып, жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

 Суды есепке алу үшін цифрландыру мен аспаптауды дамыту мәселелеріне арналған семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және сумен жабдықтау саласындағы сарапшылар қатысуда. 

Іс-шараны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, Шымкент қаласының әкімдігі және сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қазақстандық оператор ұйымдастырып отыр. 

Семинар Табиғи монополияларды реттеу комитеті, табиғи монополиялар субъектілері, сондай-ақ өңірлер әкімдерінің орынбасарлары және сумен жабдықтау және су бұру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі басқармалардың басшылары секілді мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктіреді. 

Кездесу барысында қатысушылар табиғи монополия субъекттерінің қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу бойынша бірыңғай тәсілдерді, коммуналдық қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру тетіктерін, сондай-ақ елде суды тұрақты әрі тиімді пайдалануды іске асыруға бағытталған тәжірибелік шараларды айқындайды.

26 қыркүйекте қатысушылар Шымкенттегі заманауи автоматтандыру жүйелерімен жабдықталған су арнасының негізгі нысандарына барады.