Колл-центр
29 Желтоқсан 2025 ж.
ЭКСЖ аясында сатып алуларға өтінім беру мерзімі қандай жағдайда ұзартылады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясындағы сатып алуларға қатысушылар электрондық платформада техникалық ақаулар туындаған жағдайда қатысу мүмкіндігінен айырылмайды. Бұл норма 2025 жылғы 15 қыркүйектегі №366 Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес, Ұлттық жоба аясындағы сатып алулар бойынша электрондық платформаның жұмыс істеу қағидаларында көрсетілген.
Құжат техникалық ақау болған кезде әрекет ету тәртібін егжей-тегжейлі реттейді және оларды үш деңгейге бөледі: жоғары, орташа және төмен. Егер техникалық ақау сатып алуға қатысу үшін өтінім беруге әсер етсе, өтінім қабылдаудың соңғы мерзімі ақау жойылған күннен кейінгі жұмыс күніне дейін ұзартылуы тиіс. Сонымен қатар, техникалық ақау болған кезде жасалған сатып алу хаттамалары жарамсыз деп танылады.
Электрондық платформаның әкімшісі - «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС — жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланушыларды техникалық қолдау қызметін құруға және қолдап отыруға міндетті. Қабылданған бұйрық ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асырудың негізгі құралы саналатын бірыңғай цифрлық алаңның жұмыс істеу тәртібін заңды түрде бекітеді. Электрондық платформа — бұл жобаларды іріктеу, сүйемелдеу, мониторинг жүргізу және электрондық сатып алуларды ұйымдастыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.
Ереже рәсімдердің цифрландырылуына және ашықтығын арттыруға бағытталған. Құжат үдерістердің жеделдігін, бірізділігін, сондай-ақ деректердің құпиялылығы мен сақталуын қамтамасыз ету талаптарын белгілейді. Бұл бұйрық Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 10-11-бабы 2-тармағына сәйкес қабылданған.
Бекітілген Ережелерге сәйкес, электрондық платформа ұлттық жобаның негізгі процестерін автоматтандыру үшін қолданылады. Оған жобаларды жоспарлау, іріктеу және мониторинг жүргізу, қаржыландыру және субсидиялау тетіктерін айқындау, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу, қазақстандық өндірушілерден тауарлар сатып алу және оффтейк-шарттар жасасу, сондай-ақ есептілік пен талдамалық ақпарат қалыптастыру кіреді.
Платформада жұмыс істеу үшін барлық пайдаланушылар: өтініш берушілер мен уәкілетті тұлғалар міндетті түрде тіркелуі тиіс. Платформадағы барлық әрекет электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Жүйе мемлекеттік тізілімдермен және салалық дерекқорлармен біріктірілген. Ақпараттық қауіпсіздік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі. Пайдаланушылардың барлық әрекеті тіркеліп, ішкі аудит үшін қорғалған ортада тіркеледі және сақталады.
Осылайша, №366 бұйрық «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобаларын қаржыландыру мен іске асыруға қатысты барлық рәсімдер үшін бірыңғай цифрлық терезе қалыптастырады. Бұл платформа қатысушылардың сатып алуға тең қол жеткізуін және техникалық ақау жағдайда мүддесінің қорғалуын қамтамасыз етеді.