Колл-центр
5 Желтоқсан 2025 ж.
ЭКСЖ аясында несие құнының 36%-на «Даму» қоры кепілдік береді
ЭКСЖ жобаларын екінші деңгейлі банктер және Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржыландыру кезінде кепіл қоюға байланысты туындайтын мәселелер бар. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева айтып берді.
«Кепілмен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар мәселе бар. Бұл ең алдымен активтердің баланстық құнына қатысты, онымен қатар, ТМС-нің өз активтерін кепілге қою үшін рұқсат алуына байланысты сұрақтар туындайды. Биыл осыған байланысты «Даму» кепілдік қоры аясында екі тетікті іске қостық. Жеті миллиард теңгеге дейін және ұлттық жобаға жататын секторларды қамтитын инвестициялық жобалар үшін жеті миллиард теңгеден бастап «Даму» арқылы несие құнының 36%-ын кепілдендіруге болады», - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясындағы пилоттық жобалардың жалпы сомасы 29,3 миллиард теңгеге жеткен. Ал ЭКСЖ жобалары бойынша Қазақстанның Даму Банкінен несиеге деген қажеттілік 134,1 миллиард теңге.
«Бұдан басқа, екінші деңгейлі банктермен бірге біз оларға 2026 жылдың пилоттық жобаларын ұсындық. Бұл екінші деңгейлі банктер арқылы өтуі мүмкін 17 жоба. Екінші деңгейлі банктер өте жоғары қызығушылық танытып отыр. Олардың субсидияларға қатысты көптеген сұрағы бар. Өйткені олар негізгі қарыз сомасының 10%-ы ғана тарифтерді жабатынын түсінеді, ал қалған айырмашылықты міндетті түрде субсидиялау қажет», - деп нақтылады Әлия Мырзағалиева.
Субсидиялау ережесі 2025 жылғы тамыздың соңында қабылданды.
«Біз бұл ережені көрсеттік, ал екінші кезең – қаржы бөлу мәселесі болды. Яғни, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға қаншалықты қаражат қарастырылғанын көрсету керек болды. Біз индикативтік соманы, сондай-ақ бұл қаражат енгізілген Республикалық бюджет жобасын көрсеттік. Қазір банктер тарапынан қозғалыс басталған сияқты», - деп түсіндірді басқарушы директор.