Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

17 Желтоқсан 2025 ж.

ЭКСЖ аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады

Ақорда, жаңғырту, ЭКСЖ, Ұлттық жоба, жаңарту, - МЭКС

Бұл туралы бүгін Ақордада энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.

Ақордада өткен салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық дамуына қажетті жағдай жасау үшін алдымызда сенімді әрі заманауи энергетикалық инфрақұрылымды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. 

«Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Ол Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбеккерлерге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. 

«Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ерекше назар аударды. 

«Біз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отырмыз. Заманауи өндіріс орындарын ашып жатырмыз. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. 

«Әрине, мұның бәрі энергетика саласы үшін үлкен сын болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді орындау үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғырту қажет. Соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл өнеркәсібі дамыған Қарағанды облысының бір жылдық тұтыну көлеміне тең», - деді Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. 

«Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.

«Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.