Колл-центр
29 Мамыр 2026 ж.
БҚО-да стратегиялық ТКШ нысандары жаңғыртылуда: Қанат Бозымбаев ЭКСЖ жобаларының жұмыс қарқынын тексерді
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары аясында Батыс Қазақстан облысына барып, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Бүгінде өңірде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылумен жабдықтау, электрмен қамту, сумен жабдықтау және су бұру салаларында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда.
Өңір алдағы жылыту маусымына белсенді дайындалуда. Жаңғыртылып жатқан негізгі нысандардың бірі – Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін «Жайықжылуқуат» АҚ. Қазіргі уақытта кәсіпорын «қызыл аймақта» тұр. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетіп, нысанды «сары аймаққа» шығару жоспарланған.
Сонымен қатар, тозу деңгейі 65%, ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Аталған жылу магистралі 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру желілердің тозуын азайтуға, жүйенің өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Келесі нысан Орал қаласының Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасы болды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 40%-ы орындалған. Жобаның құны – 1,7 млрд теңге. Жаңғырту аяқталғаннан кейін 2027 жылдың соңына қарай станса тәулігіне 14 700 текше метрге дейін сарқынды суды айдай алады. Бұл жүйеге жаңа абоненттерді қосуға және кенттің коммуналдық инфрақұрылымын тиімді басқаруға жол ашады.
Одан кейін вице-премьер «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің қалалық электр желілері кешеніне барды. Мұнда 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңді қамтитын жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта жобаның екі кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қанат Бозымбаев қазіргі жаңғырту қарқынын сақтау өңірдің коммуналдық инфрақұрылымындағы жүйелі мәселелерді шешуге және энергиямен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді.
Жұмыс сапары барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жобаларда қазақстандық темірбетон тіректері, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы стансалар, полиэтилен құбырлары және өзге де жабдықтар пайдаланылуда. Кейбір нысандарда қазақстандық қамту үлесі 80-99%-ға дейін жетеді.
29 мамырдағы мәліметке сәйкес, ЭКСЖ электрондық платформасында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сомасы 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген.
Жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба қазіргі кезде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.