Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында ЭКСЖ аясында 10 жоба іске асырылып жатыр

14 Сәуір 2026 ж.

Батыс Қазақстан облысында ЭКСЖ аясында 10 жоба іске асырылып жатыр

БҚО, жаңғырту, модернизация, пилоттық жобалар, - МЭКС

Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қатарынан 10 жоба іске асырылуда. Жобаның әрқайсысы әртүрлі сатыда іске асырылып келеді және электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру салаларын қамтиды, деп хабарлайды ЭКСЖ жобалық кеңсесі.

Жөндеу жұмыстарының мұндай ауқымды деңгейде жүргізілуі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында әбден қордаланып қалған мәселелерге берілген жауап болды. Өңірдегі желілер мен жабдықтардың тозу деңгейі 75%-ға жетеді, бұл өмірлік маңызы бар ресурстармен қамтамасыз ету етудің тұрақты болуына тікелей әсер етеді. Бүгінде жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Жаңғырту жұмыстары барлық негізгі бағыттарды қамтиды.

Мәселен, электр энергетикасы саласында «Батыс Қазақстан ӨЭК» ЖШС әуе және кабельдік электр беру желілерін реконструкциялау бойынша үш жобаны іске асыруда. Жұмыстар БҚО-ның Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Жәнібек, Тасқала және Жаңақала аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында жүргізіліп жатыр. Былтыр мұнда дайындық жұмыстары басталды: көктемнен бастап белсенді кезеңге көшу үшін электр беру желілерінің тіректері орнатылып, қажетті материалдар жеткізілді.

Сонымен қатар жылумен жабдықтау жүйесі де жаңартылуда. Оралда «Жайықжылуқуат» АҚ шамамен 8 км жылу желілерін жөндеу және қайта жаңарту бойынша үш жобаны іске асыруда. Әңгіме жылыту маусымында үзілістерге жиі себеп болатын магистральдық және орамішілік желілер туралы болып отыр.

Сумен жабдықтау мен су бұруда ауқымды өзгерістер болып жатыр.  «Батыс су арнасы» ЖШС төрт жобаны іске асыруда, оның ішінде сорғы станцияларын жаңғыртуды, қуаттылықты арттыра отырып жабдықтарды ауыстыруды және жаңа су алу ұңғымаларын салуды қолға алды. Жоба аясында 6 км-ге жуық су құбыры желісін қайта құру және 10 кәріз жабдығын жаңарту жоспарланған.

2025-2026 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысындағы ЭКСЖ жобалары бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд теңгеден асады. Облыс тұрғындары үшін бұл жай ғана цифр емес. Олардың артында үйлердегі тұрақты жылу, желілердегі апаттардың азаюы және барлық коммуналдық жүйенің тұрақты жұмысы тұр.

Еске салайық, өңірдегі сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру үшін қаражаттың бір бөлігі «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» сатып алған әкімдіктердің облигациялары есебінен тартылған. 

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.