22 Қыркүйек 2025 ж.
2026 жылы ТКШ нысандарын автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықтау басталады

Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Біз «Энергетикалық және коммуналдық желілерді жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі негізгі бағытқа назар аударамыз. Біріншісі – сатып алулардың электрондық платформасын құру, екіншісі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай Smart Turmys платформасын енгізу. Бұл платформа барлық салалардан: электрмен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және газбен қамту бойынша деректерді жинау процесін қамтиды. Осы мақсатта барлық саланы құрал-жабдықпен ауқымды түрде қамтамасыз ету жұмыстарын іске асырудамыз», – деді ол.
Бұл ретте, жеке және көппәтерлі үйлерге орнатылатын есептеу құралдарын, сондай-ақ су арналарында, электр станцияларында және өзге де инфрақұрылым нысандарында технологиялық процесті автоматтандырылған басқару жүйесінің датчиктерін орнату туралы сөз болып отыр.
«Биыл жылдың соңына дейін әдіснамалық жұмыс аяқталады. Ал келесі жылдан бастап ТП АБЖ енгізу бойынша жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігімен есепке алу аспаптарының қажеттілігі туралы деректер жинау қарқынды түрде пысықталуда», - деді Бақытжан Жүнісбеков.
Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында коммуналдық қызметтердің ауқымды реинжинирингі жүргізілді. Енді оларды ТКШ бірыңғай платформасы негізінде толық цифрландыру жоспарда бар.
«Ескеру керек жайт, жеке портал құрмеймыз. Азаматтарға арналған интерфейс әдеттегідей egov-та қалады. Тек интеграция болады. Серверде біздің бірыңғай платформа жүйесі болады. Барлық коммуналдық қызметтер де қолжетімді болады: сумен жабдықтау, қоқыс шығару, электрмен жабдықтау және тағы басқалары да.
Іске асыру мерзіміне қатысты айтар болсақ, биыл платформаның негізгі модульдерін енгізу басталады. Қалған модульдерді келесі жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарладық. Осылайша, 2026 жылдың соңына қарай ТКШ-ның бірыңғай платформасы толығымен іске асырылады, - деп қорытындылады ол.