Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

20 Қараша 2025 ж.

2026 жылы Маңғыстау облысында ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асыруға 78 млрд теңге бөлінеді

Маңғытау облысы, жаңғырту, медиатренинг, ұлттық жоба, ЭКСЖ, - МЭКС

Ақтауда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру үшін журналистерге арналған медиатренинг өтті. Жобалық кеңсенің өкілдері бұл бағдарламаны іске қосу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілгенін және еліміздегі инфрақұрылымды жаңарту бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндады. 

Ең алдымен жаңғырту жұмыстары инженерлік желілері әбден тозған өңірлерде жүргізіледі, яғни, тозу деңгейі 65-70%-дан жоғары аймақтар қамтылады. 

Маңғыстау облысында жылу желілерінің тозу деңгейі 69%-ға жеткен. Қазір «Каспий жылу, су арнасы» МКК 101,6 шақырым жылу желісін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Бұл жұмыстарға 2021-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 18,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында қосымша 137,2 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл жалпы 172 шақырым желіні жөндеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тозу деңгейі 2029 жылға қарай кестеден оза 51%-ға дейін төмендейді. 

«Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ электр энергетикасы секторында 419 шақырым желіні жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл электр энергетикасы инфрақұрылымының тозуын 61%-дан 59%-ға дейін азайтуға әсер етеді. 

Сумен жабдықтау және су бұруда салаларында 2029 жылға дейін өңірде 180 шақырымнан астам желі қайта жаңғыртылады.

2026 жылға Маңғыстау облысына 517 шақырым инженерлік желіні жаңартуға 78 млрд теңге көлемінде инвестиция қарастырылған. Оның 50 пайызы жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталады.

Ұлттық жобаның маңызды тетіктерінің бірі – процестерді цифрландыру. Коммуналдық деректерді есепке алу шараларының ашықтығын арттыру үшін электрондық платформа мен «Smart Turmys» ақпараттық жүйесі енгізіледі. 

Кездесу соңында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оған ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев, ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов, «ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шынғазиева, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева
және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов қатысты.