Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар 2026 жылы Қазақстанда ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында 130 шақырымға жуық жылу желісі жөнделеді

10 Сәуір 2026 ж.

2026 жылы Қазақстанда ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында 130 шақырымға жуық жылу желісі жөнделеді

жылу желілері, жаңғырту, ЭКСЖ, ЖМ, - МЭКС

Жылыту маусымы аяқтала салысымен, Қазақстанда жылу желілерін қарқынды жөндеу кезеңі басталады. Жылу трассалары мен ЖЭО жабдықтарының жоғары тозу деңгейі апат қаупі мен жылу берудегі іркілістердің басты себебі болып қала береді. Жыл сайын жағдай нашарлап барады, апат  жиі болады, бұл аздай, ең қолайсыз сәтте қазақстандықтардың пәтерлердегі батереялары суып, қақаған қыста жылусыз қалатын жағдайлары жиі  болып тұрады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы іске қосылды.

2026 жылы ЭКСЖ шеңберінде шамамен 130 км желіні жөндеу, ал кейіннен құбырлардың тозуын іс жүзінде екі есеге азайту жоспарланып жатыр. Нәтижесінде үйлерде күтпеген жерден жылуды өшіру азаяды, тұрғындар тұрақты жылуға қол жеткізіп, ЖЭО ең қатты аязда да істен шықпайтынына сенімді болады. 

Төрт жыл ішінде жаңғырту жобасы ел бойынша 1,6 мың км жылу желісін қамтиды.

ЭКСЖ-ның пилоттық жобаларының қатарында Павлодар қаласында ЖМ-20А жаңа жылу магистралінің құрылысы, Теміртау қаласында жылу желілерін қайта жаңарту (ЖМ-2А және ЖМ-3 магистралі), сондай-ақ Қарағанды облысындағы сорғы станциясымен М2 жылу трассасын жаңғырту жоспары бар.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Орал қаласында жылу желілерін жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Бұл жұмыстардың аясында ЖМ-6 және ЖМ-7 магистральдары мен орамішілік желілер күрделі жөндеуден өтеді.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жылу инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жобалар іске асырылуда. Алматы қаласында ЖЭО-2-дан Батыс жылу кешенiне дейiнгi трассаны толық қайта салуды көздейтiн ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.

Пилоттық жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 90,5 млрд теңгеден асады.

ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 13,4 мың км. Жұмыс жүргізу кезінде негізгі назар жылу желілерінің тозу деңгейі байқалатын өңірлерге аударылады. Бұл Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.