Қаз

29 Қыркүйек 2025 ж.

2025 жылы ТКШ Smart Turmys бірыңғай платформасының алғашқы екі модулі әзірленеді

цифрландыру, ЭКСЖ, жаңғырту, Ұлттық жоба, - МЭКС

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова хабарлады.

«ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында бірыңғай электронды платформа іске қосылды. Ол табиғи монополиялар субъектілерінің өтінім беруінен бастап жеткізушіні таңдауға, жобалау-сметалық құжаттаманы жүргізуге, оны келісуге, офтейктерді ескере отырып, тауарларды сатып алуға дейінгі барлық циклді бақылауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, мұны бәрін біз дэшбордта талдай аламыз. Біз қазір осы тұғырнаманы белсенді әзірлеп жатырмыз және онда жұмыс істеу үшін өзіміздің табиғи монополиялар субъектілерін оқытамыз. Бұл әр өтінімнің циклін  және оны орындау мерзімін бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Биыл ТКШ Smart Turmys бірыңғай платформасының алғашқы екі модулі әзірленеді. Ол деректер агрегаторына айналып қана қоймай, коммуналдық қызметтерді сандық форматта ұсынады.

«Сарапшылардың төрт жұмыс тобын құрдық. Біз мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, бизнеске қатысушылардың өздерін де, яғни есептеу құралдарын өндірушілерді, байланыс операторларын, ТПБАЖ қызметтерін жеткізушілерді, ақпараттық қауіпсіздік жүйесінен қызметтерді жеткізушілерді және ақпараттық қауіпсіздіктің сыртқы сарапшыларын осы нарықтарға тартамыз. Біз баршамызбен белсенді жұмыс істейміз және республика бойынша бірыңғай талаптарды пысықтаймыз», - деді Жәннат Дүбірова.

Қазіргі кезде жол картасы бойынша тәсіл бекітілді, кіші топтар құрылды, өңірлерден есептеу құралдары мен ТПБАЖ бойынша деректерді жинау және талдау аяқталуға жақын. ТПБАЖ функционалына, байланыс арналары мен есептеу құралдарына қойылатын ең төменгі талаптардың жобалары қалыптастырылды.

«Осы жұмыстың барлығын қараша айында аяқтап, бекітуді және бүкіл Қазақстанды қамтуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, қаржы модельдерін жыл соңына дейін есептеу жоспарымызда бар», - деп түсіндірді ол.

Биыл министрлік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыруға айрықша назар аударды. Ол үшін электрмен, жылумен және сумен жабдықтау саласындағы халықаралық тәжірибелерге талдау жасалды. 

«Барлық жерде SCADA енгізуге, есептеу құралдарын енгізуге, қандай да бір бірыңғай байланыс арналарын бекітуге назар аударуда. Мысалы, Шэньчжэнде стандарт ретінде NB-IoT (Narrowband IoT, заттардың тар жолақты интернет технологиясы), бір жерде ашық байланыс арнасы LoRaWAN (Long Range Wide Area Network, IoT үшін төмен қуатты сымсыз желінің ашық хаттамасы қабылданған). Біз осы жолмен келеміз», - деді вице-министр. 

 

IT-инфрақұрылым тұрғысынан, өндірісте басқарушылық есепті бақылауға арналған SCADA жүйелері орнатылады. Ал тұтынушылар жағында радиомодульдері бар есептеу құралдары қойылады. Мұның бәрі маршрутизаторлар арқылы байланыс арналары бойынша өндірістегі SCADA есеп жүйесіне қосылады.

«Бәрі айтуға ғана оңай. Сондықтан біз өз  жұмысымызды былайша құрылымдадық. Біз бөлуге тиіс бес негізгі домен: бұл үй шаруашылықтарын есепке алу құралдары немесе жеке есепке алу құралдары, үйге ортақ есепке алу құралдары. Бізге Қазақстан аумағында қандай бірыңғай байланыс арналары болатынын анықтау қажет», - деп нақтылады Жаннат Дүбірова.

Әрі қарай ТПБАЖ енгізу кезеңі жүргізіледі. Онда табиғи монополиялардың барлық субъектісі үшін ең төменгі стандарттар мен талаптар айқындалады. Әрине, барлық табиғи монополиялар субъектісі сәйкес келуі тиіс ақпараттық қауіпсіздік талаптары пысықталады.