30 Қыркүйек 2025 ж.
Биыл коммуналдық төлемдер бойынша абоненттердің бірыңғай базасы цифрландырылады

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова хабарлады.
«Былтыр барлық коммуналдық қызметтерді реинжинирингтеу бойынша үлкен жұмыс атқардық. Біз Қазақстанда egov-ды мемлекеттік қызмет ретінде пайдалануға үйреніп қалдық. Әйтсе де бізде сандық форматтағы коммуналдық қызмет ұғымы жоқ. Бұл жұмысты біз іске асырамыз. Биыл абоненттердің бірыңғай базасын цифрландырып, БЕО арқылы коммуналдық төлемдер бойынша барлық деректерді байланыстырамыз, - деп хабарлады ол.
Енді азаматтар egov Mobile арқылы коммуналдық қызметтерді сандық форматта пайдалана алады: келісімшарттар жасасу және өшіру, өтініш беру. Бұл жұмыстардың барлығы Smart Turmys бірыңғай платформасында цифрландырылады.
«Жалпы, бізде модульдер бойынша нақты түсінік бар және олар қазір пысықталуда. Былтыр коммуналдық қызметтердің бірыңғай төлем құжаттарын масштабтау бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Бұл дегеніміз не? Бұл барлық коммуналдық қызметтер бойынша төлеуіңіз керек қаражат туралы түбіртек сізге келгенде, барлығын екінші деңгейлі банктер арқылы бірыңғай төлеммен төлейсіз. Бұл Астанада өте жиі қолданылады. Уақыт өте келе Қазақстанның басқа қалаларында да тұрғындар коммуналдық төлемдерді осылай төлей бастады», - деп нақтылады Жәннат Дүбірова.
Министрлік бұл тәжірибені ауыл деңгейіне дейін кеңейтті. Электрондық төлем құжатының қағаз төлем құжатына қарағанда тиімді екенін нормативтік тұрғыдан бекіттік.
Тетігі мынадай: табиғи монополиялар субъектілері деректерді бірыңғай есеп айырысу орталықтарына (БЕО) береді. Ал олар қазірдің өзінде екінші деңгейдегі банктер арқылы электрондық түбіртекті ұсынады.
«Біз Smart Turmys секілді, мемлекет ретінде БЕО-нан деректерді Қазақстан бойынша, қай өңірде, қандай абонент, қанша ақша төлейді және қандай тариф бойынша түсіну үшін аламыз. Осылайша талдау үшін үлкен BigData қалыптасады. Нәтижесінде коммуналдық төлемдерге және оның өсіміне қатысты талдау жасауға мүмкіндік болады.
Бұл ауқымды жұмысты былтыр бастағанбыз, биыл оны біріктіреміз және Қазақстан бойынша барлық есептеу құралын енгізгенге дейін бізде талдау болады. Өйткені аспаптау бойынша жұмысты іске асыруға бірнеше жыл қажет. Дегенмен онлайн режимде елімізде төлемдерді қарап, талдау жасай аламыз», - деп түсіндірді ӨҚМ вице-министрі.
Оның айтуынша, коммуналдық және энергетикалық секторларды цифрландыру бойынша барлық жұмысты ұлттық жобаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.