4 Қыркүйек 2025 ж.
ТКШ және энергетиканы жаңғырту: Жетісуға 12,8 млрд теңге инвестиция бөлінеді

4 қыркүйекте Талдықорғанда әкімдіктер, табиғи монополиялар субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар, Екінші деңгейдегі банктер және өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен көшпелі семинар-кеңес өтті.
Кездесуге қатысушылар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасының негізгі кезеңдерін және бағдарламаны іске асыру тетіктерін талқылады. Жиын барысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ және «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басшылары баяндама жасады.
Жетісу облысының аумағында коммуналдық инфрақұрылым нысандарын кешенді жаңартуды іске асыру үшін төрт пилоттық жоба іріктелді. Атап айтқанда, «Жетісу су арнасы» кәсіпорны Талдықорған қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жөндеп, автоматтандыруы керек. Бұл жүйелердің тозуын 60%-ға дейін төмендетуге және 90 мыңнан астам тұрғынға сапалы және сенімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Текелі қаласында алты мың абонент қосылған 19 шақырым су құбыры желісі қайта жаңартылады.
«ТАТЭК» АҚ 1466 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеумен айналысады және 114 бірлік жабдықты ауыстырады. Ауқымды жұмыстар инфрақұрылымның тозуын 33%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, нәтижесінде өңірдің 60 мың тұрғыны жылумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, «Талдықорғантеплосервис» МКК үш шақырымды құрайтын жылу желілерін қайта жаңартады, бұл инфрақұрылымның тозуын 57%-ға дейін қысқартуға және үш мың абонентке қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Болжам бойынша, бұл жобаларды іске асыру өңірдегі жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің тозуының орташа деңгейін 14,4%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы облыстың коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталатын инвестициялардың жалпы көлемі 12,8 млрд теңгені құрайды.
ТМРК төрағасының орынбасары Қанат Құлназаровтың айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту – экономикалық тұрақтылық пен адамдардың жайлы өмірінің негізі. Ол жобаға қазақстандық өндірушілер мен бизнес белсенді қатысуы тиіс екенін қадап айтты.