Колл-центр
16 Маусым 2026 ж.
Коммуналдық төлемді қалай аз төлеуге болады: Тұрғын үй көмегін алу жолы
Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты ауқымды жоба басталды. Алдағы төрт жылда мемлекет жылу, су және электр желілерін жаңартып, жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. ЭКСЖ Ұлттық жобасы аясында бұл жұмыстарға жалпы есеппен 13 триллион теңгеден астам инвестиция бөлінбек.
Әлбетте, бұл ауқымды жобаны іске асыру үшін қомақты инвестиция қажет. Сондықтан да қазір көптеген қазақстандықтарды «коммуналдық қызмет тарифтері өсіп кетпей ме?» деген сұрақ алаңдатып отыр. Дегенмен, мемлекет бұл мәселені ашып айтты: коммуналдық төлемдер құны негізсіз әрі күрт өспейді. Ал инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы міндетті түрде әлеуметтік қолдау шараларымен қатар жүргізіледі.
Тұрғын үй көмегі қашан тағайындалады?
Аз қамтылған азаматтардың отбасылық бюджетіне түсетін салмақты азайту үшін мемлекет тарапынан тұрғын үй көмегі қарастырылған.
Тұрғын үй көмегі – бұл табысы аз азаматтарға әкімдік атынан берілетін уақытша төлем. Бұл көмекке табысы төмен отбасылар мен азаматтар, соның ішінде зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, жұмыссыздар және өзге де санаттағы тұрғындар үміткер бола алады. Көмек алудың басты шарты: үйге және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығынның сол өңірде белгіленген шекті деңгейден (порог) асып кетуі тиіс.
Мәселен, табысы белгіленген шектен төмен отбасылардың тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге кететін шығындары жалпы табысының рұқсат етілген үлесінен (мәслихаттар белгілейтін 5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшер) асып кетсе, олар аз қамтылған отбасы болып есептеледі.
Мысалы, Астанада бір отбасында төрт адам тұрады делік. Елордада бұл көмекті алу үшін белгіленген шекті деңгей – 10%. Отбасының айлық жалпы табысы – 320 000 теңге. Ал қысқы жылыту маусымында үйдің коммуналдық қызметі мен күтіп-ұстау шығындары айына 50 000 теңгеге жетеді.
320 000 теңгенің 10%-ы = 32 000 теңге.
Іс жүзінде бұл отбасының коммуналдық төлемі белгіленген лимиттен 18 000 теңгеге артық болып шықты. Демек, отбасы дәл осы сома көлемінде мемлекеттен өтемақы (компенсация) алуға үміткер бола алады.
Тұрғын үй көмегін қалай рәсімдеуге болады?
Тұрғын үй көмегі төленіп қойған түбіртектер (шоттар) негізінде тағайындалады. Түсініктірек айтсақ, сіз өтінішті өткен айдың (немесе тоқсанның) шығындары үшін бересіз.
Өтініш берудің екі жолы бар:
1. Онлайн форматта – eGov.kz порталы арқылы;
2. Офлайн форматта – Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) өзіңіз барып тапсыра аласыз.
Енді биыл 12 шілдеден бастап электронды өтініш беру одан әрі оңай бола түседі. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 30 наурызда Тұрғын үй көмегін көрсету ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрық шығарды. Бұл жаңашылдықтың басты пайдасы – енді онлайн өтініш берген кезде қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Демек, көмек алушыға бұрынғыдай көп құжат пен түрлі анықтамаларды жинап, уақыт кетірудің қажеті болмайды.
Рәсімдеу үшін мына құжаттар қажет:
· Жеке куәлік (тек ХҚКО-ға барып тапсырғанда ғана көрсетіледі);
· Өткен тоқсандағы (3 айдағы) табыс туралы құжаттар;
· Коммуналдық қызметтер, үйді күтіп-ұстау, байланыс қызметі және баспананы жалдау ақысы туралы түбіртектер (квитанциялар);
· Банктік есепшот нөмірі (IBAN).
· Егер өтінішті онлайн берсеңіз, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Тұрғын үй көмегі 3 айға тағайындалады. Бұл мерзім өткеннен кейін өтінішті қайта беріп, табыстар мен шығындарды тағы бір мәрте растау керек.
Ескеру керек маңызды жайт: Тұрғын үй көмегі тек бір тұрғын үйге ғана беріледі және коммуналдық қызметтердің белгіленген нормадан тыс (артық) тұтынылған көлемін өтемейді.
Тұрмысы төмен азаматтарға берілетін тұрғын үй көмегі қандай шығындарды жабады?
· коммуналдық қызметтер: су, жарық, жылу, газ;
· тұрғын үйді және үй маңындағы аумақты күтіп-ұстау;
· күрделі жөндеу;
· байланыс қызметтері (мысалы, телефон үшін абоненттік төлем);
· мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысы.
Қысқасы, егер отбасылық бюджетіңіздің қомақты бөлігі коммуналдық қызмет шығындарын төлеуге кетіп жатса, онда тұрғын үй көмегін алуға құқығыңыз бар-жоғын тексеріп көрген жөн.