Қаз

3 Қыркүйек 2025 ж.

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы ЭКСЖ Ұлттық жобасының нысандарын қайта жаңартуға 22,5 млрд теңге бөлді

Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын жалпы сомасы 22,5 млрд теңгеге сатып алды. Қаражат еліміздің төрт облысында жылу, су, электр жабдықтары мен су тазартуға қажетті 10 нысанды жаңғыртуға бағытталады. 

Мәселен, Павлодарда жаңа жылу магистралі (9,7 млрд теңгеге) салынады. Ол қалалық жылу желілерінің тозу деңгейін 92%-дан 77%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 124,5 мың тұрғын жылумен қамтамасыз етіледі.

Қарағанды облысында «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенінің негізгі құрылыстарының блоктарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі (2,5 млрд теңге). Нәтижесінде Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің 695 мың тұрғыны тұрақты түрде суға қол жеткізеді. 

Теміртау мен Оралда 65%-дан 88%-ға дейін әбден тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу жоспарлануда. Жұмыстар аяқталған соң екі қаланың 78 мыңнан астам абоненті, соның ішінде көппәтерлі үйлер мен кәсіпорындар сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етіледі.

Батыс Қазақстан облысының және Орал қаласының 595 шақырымнан астам электр желілерін қайта жаңартуға және ауыстыруға 3,1 млрд теңге бағытталмақ. Ұлттық жобаның қаржы операторының мәліметінше, өңірдегі электр желілерінің жалпы жағдайы мәз емес. Инфрақұрылымның әбден ескіруіне байланысты апат болып, жарық өшіп қалады және электр желілерінде жиі ақау туындайды. 

Бірінші кезекте қайта жаңартуды қажет ететін тағы бір нысан – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Железнодорожный шағын ауданының жылу трассасы, оның ұзындығы 1,9 км. Оны жөндеуге 0,7 млрд теңге бөлінеді.

Еске салсақ, «Энергетикалық және коммуналдық секорларды жаңғырту» Ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды. «ҚТК» АҚ табиғи монополиялар субъектілерін (ТМС) екі тетік бойынша қаржыландырады: мемлекеттік ТМС үшін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу және ЕДБ, «ҚДБ» АҚ, жеке ТМС үшін МҚҰ кредиттерін субсидиялау арқылы.