4 Қыркүйек 2025 ж.
Қанат Бозымбаев Astana Finance Days форумында ЭКСЖ Ұлттық жобасының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Astana Finance Days 2025 VIII халықаралық форумында инвесторларға «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасының мүмкіндіктерін таныстырды.
ЭКСЖ ауқымды жобасы Қазақстанда былтыр желтоқсан айында басталды, ол энергетикалық жүйелер мен коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейді. Республикалық бағдарламаның басты индикаторы желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету.
«86 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл апаттар санын едәуір қысқартуға және жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар, елімізде энергия қуатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері, маневрлік генерацияны, гидравликалық ресурстарды және төмен көміртекті технологияларды дамыту есебінен кемінде 26 ГВт жаңа өндіруші қуат көзін енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2029 жылға дейін Total Open, Masdar, ACWA Power және Сһіnа Power International Holding секілді стратегиялық халықаралық серіктестермен бірлесіп жаңартылатын энергия көздеріне қатысты ірі жобаларды іске асыру аяқталады.
Вице-премьер форумға қатысушылардың назарын Үкімет тарапынан бизнесті қолдау шараларын күшейтуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға аударды.
«Ауқымды жобаларды іске асыру – еліміздің өңірлік көшбасшылығын нығайтудың негізгі тәсілдерінің бірі. Сондықтан біз табысты инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударамыз. Мемлекет инвестициялар үшін салалық және аумақтық алаңдарды жетілдіруде. Сапалы өндірістік жобалар түсінікті және болжамды салықтық және кедендік ынталандыруларға және дайын инженериясы бар алаңдарға қол жеткізу үшін арнайы экономикалық-индустриялық аймақтардың режимдерін жаңғыртады», - деді Қанат Бозымбаев.
Ол сондай-ақ Үкіметте қазіргі кезде бюрократиялық кедергілерді алып тастайтын инвестициялық штаб бар екенін айтты. Құны 60 млн доллардан асатын ірі жобалар үшін заңнаманың 25 жылға өзгермейтініне кепілдік беретін инвестициялар туралы арнайы келісім қарастырылған. Былтыр осындай 6 келісімге қол қойылған, ал биыл тағы 22 келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы халықаралық шарттар желісі кеңеюде, Катар, Сингапур және Қытаймен келісімдерге қол қойылып, ратификацияланды.
«Инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру және стратегиялық инвестицияларды тарту – бұл елдің орнықты дамуы мен экономикалық әлеуетін нығайту жолындағы негізгі қадамдар. Осы тұрғыда еліміз халықаралық әріптестерге экономиканың түрлі салаларында жаңа жобаларды бірлесіп іске асыру үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынуға дайын», - деп қорытындылады Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Астанада 4-5 қыркүйекте өтетін Astana Finance Days халықаралық форумына 70-тен астам елден 5 мыңнан астам қонақ қатысады. Олардың арасында қаржы және технологиялық нарықтың өкілдері, оның ішінде банкирлер, инвесторлар, брокерлер мен инноваторлар, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет ететін мамандар бар.