Қаз

2 Қыркүйек 2025 ж.

Жылу маусымына әзірлік: Екібастұзда 20 шақырымнан астам желілер жөнделді

Павлодар облысында қарасты Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, шаһарда екі ірі жылу магистралі реконструкциядан өткен. 

Өткен жазда кеншілер шаһарында № 2 және № 7 жылу магистралдеріне реконструкция жасалды. Оның алғашқысына көпқабатты 30 тұрғын үй мен 13 әлеуметтік нысан, екіншісіне 109 үй мен 11 әлеуметтік нысан жалғанған. Желілердің жалпы ұзындығы — 5,5 км. Жобалар республикалық және облыстық бюджет көздерінен қаржыландырылды.

«Қазіргі уақытта аталған учаскеде желі құбырларын монтаждау жұмыстары аяқталды. Гидравликалық сынақтар, сондай-ақ жылу желілерін жуу сәтті жүргізілді. Ыстық су тұтынушыларға толық көлемде беріліп отыр. Бұған қоса қала бойынша күзгі гидравликалық сынақтар жүргізіліп, нәтижесінде 143 ақау анықталды. Бүгінде жылумен қамту жүйесін толтыру жүргізіліп, тұрғындар ыстық сумен толықтай қамтылып отыр», - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Екібастұзда сондай-ақ орамішілік желілердің 12 шақырымы бюджет қаражаты есебінен, тағы 5,5 шақырымы монополистің жеке қаражатына жөнделген. Барлығы 22,5 шақырым жылу желілері жаңартылды.

Жергілікті ЖЭО-ға да да жөндеу жүргізілді. Онда 7 қазандық бүтінделіп, оның ішінде біреуіне күрделі жөндеу жүргізілген. Тағы екеуіне кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілсе, қалғаны ағымдағы жөндеуден өткен.

«Қалада 705 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. 2025 жылғы 29 тамыздағы дерек бойынша 670 үй жылу маусымына толықтай дайын. Қалған 35 үйде ішкі инженерлік желілері жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстарын 5 қыркүйекте аяқтау жоспарланған», - деп қосты әкімдіктен.

Сондай-ақ барлық әлеуметтік нысан (105 нысан) 100% жылуға қосылуға дайын тұр. Ауылдық жерлерге 5000 тонна көмір жеткізілген.

Бұған дейін Премьер-министр жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлерді сынаған. 

Павлодар облысында қазандықтар мен желілердегі жөндеу жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр. 

Фото: Валерия Бугаева, Kazinform